Аптаны қорытындылағанда Ақордада Президент Қ.Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технология жөніндегі екінші саммитінің ашылу рәсіміне бейне байланыс арқылы қатысты. Жиынға Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етті.
Қ.Тоқаев пандемияға қарсы күресте вакциналарды әділ бөлуге және оларды саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырды. Қазақстанның коронавирус індетіне қарсы QazVac вакцинасын әзірлегені және оның қазіргі уақытта ДДСҰ-да мақұлдау рәсімінен өтіп жатқанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз.
Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай Қазақстан ғылым саласына ішкі жалпы өнімнің 1 пайызы көлемінде қаржы бөлуді, ал білім беру ісінде 7 пайызға жеткізуді жоспарлағанын жеткізді.
Сонымен бірге Президент газ саласын дамытуға арналған кеңес өткізген. Талқыланған мәселенің бірі – Қазақ газ өңдеу зауыты құрал-жабдықтарының 90 пайызының тозғаны.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тек Маңғыстау облысында автокөліктердің 90 пайыздан астамында сұйытылған газ пайдаланылады. Өңірдің негізгі газ жеткізушісі Қазақ газ өңдеу зауыты болып табылады. Оның негізгі құрал-жабдықтарының 90 пайызы тозған. Зауыттың апаттық жағдайларға байланысты тоқтап қалуы халықты газсыз қалдыруы мүмкін. Осы ретте Қазақ газ өңдеу зауытының базасында салынатын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіру экономикалық тұрғыдан ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан да қауіп туғызады. Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Жаңа зауыт 2023 жылдан кешікпей пайдалануға берілуі тиіс.
Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты да сұйытылған газ шығарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңғырту жұмыстары 2018 жылы аяқталғанына қарамастан, кәсіпорын жұмысында әлі де іркілістер бар. Нәтижесінде, мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша өндіріс көлемі кеміп, соның ішінде, сұйытылған газ азайып кетті. Бұл жанармай құю станцияларындағы тапшылыққа және бағаның шарықтауына алып келді. Осыған байланысты Үкіметке сұйытылған газға деген сұраныстың арту перспективасын зерттеп, оны өндірудің қосымша қуат көздерін іздестіру жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Қ.Тоқаев газ тарату жүйесіне қатысты мәселені жеке қарастыру қажет, деді. Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта аталған процесс жабық әрі түсініксіз жағдайда іске асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың етек жаюына алып келеді дей келе «Сарыарқа» магистральді газ құбырына тоқталды. Нұр-Сұлтанда, Қарағанды және Ақмола облыстарында тұрғындарды газбен қамту жоспары белгіленген уақытында орындалмай отыр. Ал осы мәселе шешілсе, аталған өңірлердің кәсіпорындарының дамуына, жалпы өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етер еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл – мемлекеттік маңызы бар мәселе. Оны шешудің екі жолы бар. Атап айтқанда «Сарыарқа» магистральді газ құбырын ұзарту немесе ресейлік газ тасымалдау жүйесіне қосылу. Аталған екі тәсілдің де өз кемшіліктері мен артықшылықтары бар. Үкіметке өңірлердің әкімдерімен бірлесе отырып, жуық арада таңдау жасауы қажет.
Еліміз бойынша газдандыру деңгейі 53 пайыз. Алты өңірде 90 пайыздан асқан.