Атырау облысындағы Забурын және Исатай ауылдары құм құрсауында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы Забурын және Исатай ауылдары құм құрсауында қалды

18.06.2021

Атырау облысындағы Забурын және Исатай ауылдарын құм басып жатыр. Толассыз көшкен шағыл тұрғын үйлер мен қора жайларға қауіп төндіріп тұр. Құрғақшылық пен теңіздің тартылуы проблеманы одан бетер ушықтырған. Шалғайдағы ауылдардың ахуалы жайлы Жандос Темірғалидің бейнематериалы.

Бұл – 300-дей түтіні бар Исатай елді мекеніндегі көрініс. Көз аштырмайтын құмды дауылдан шағын ауыл шағылдың ортасында қалып барады. Тұрғындарға есік-терезені ашу мұңға айналған. Үйріліп соққан құм Зейнеткер Рәшида Мұсабекованың үйін басып қалатын түрі бар.

Рәшида Мұсабекова, Исатай ауылының тұрғыны:
Бұрын машинамен жинап алды топырақтарды. Ол тоқтады содан. Енді қазір кері басып жатыр. Мал сексеуілді жеп қояды. Бізде дауыл жеп көп болады. Сол кезде құмды қайдан болса да айдап келеді осы араға.

Мұндай жағдай 1300-дей тұрғыны бар Забурын аулын да тығырыққа тіреген. Бұған дейін шағылды бөгеу үшін жоба жасалды. Алайда тоқтаусыз көшкен құм оның бәрін жоқ қылды. Тіпті, тоқылған қамыс та, төгілген қара май да құмға бөгет бола алмады. Бар үміт – сексеуілде.

Жандос Темірғали, тілші:
Мына сексеуілдерді құм көшкінін тоқтату үшін осыдан 5 жыл бұрын отырғызған. Сол кезде өсімдікті малдан қорғау үшін қоршау орнатқан. Алайда қазір бұл қоршаудың тозығы әбден жетіп тұр. Емін еркін ішіне төрт түлік кіріп шығып жүр.

Каспийдің табанынан көтерілген құмды дауыл әзірге бой берер емес. Жергілікті атқамінерлер сондада қамсыз отырмай, Ақтөбе облысынан сексеуіл алдырып, оны 7 аумаққа екпек.

Аслан Ғұбаш, Исатай ауылдық округінің әкімі:
Бір жағынан Нарын құмы келіп тұр. Екінші жағынан теңіздің алшақтап кетуіне байланысты одан бері қарай топырақтар келуде. Келесі жылы аяқталады. Исатайда 8 гектар және Зейнеден ауылдық елді мекеніне сексеуіл егу жоспарлануда.

Ал, елді мекендер жал боп үйіліп жатқан құмнан жуырда тазартылады. Қос ауылды шағылдан арылту үшін 253 млн теңге бөлінген.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу