Алматыда бизнес үшін шектеу шаралары жеңілдетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бизнес үшін шектеу шаралары жеңілдетіледі

17.06.2021

Алматыда 19 маусымнан бастап бас санитар дәрігердің жаңа қаулысы күшіне енеді. Құжат мегаполистің жасыл аймаққа өтуіне байланысты қабылданбақ. Қазір қалада вирус жұқтыру көрсеткіші 2 есе азайған. Соңғы тәулікте 112 адам індетке шалдыққан. Дегенмен, науқастар арасында инфекцияның мутацияланған түрлерін жұқтыру жиілеген. Қазірдің өзінде бес штамм бойынша 31 зерттеу жүргізілген. Ал жалпы ауру өсімінің азаюы жаппай вакциналаудың және Ashyq жүйесін енгізген нысандардың көбеюінен, дейді мамандар. Мегаполисте Ashyq қосымшасы бойынша екі айда 611 адамнан қызыл мәртебе, 150 тұрғыннан сары түс анықталған. Ал коронавирусқа қарсы екпені алматылықтардың 18 пайызы салдырған. Сондықтан, қаладағы жағдайдың оңалуына орай, Жандарбек Бекшин бизнес үшін бірқатар шектеу шарасын жеңілдетпек.

Жандарбек Бекшин, қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері:
Жаңа қаулыға сәйкес, супермаркет, базар, дүкен, SPA-орталықтар мен бассейндердің қызметіне шектеу қойылмайды. Кәсіпорындар жұмысшылардың 70 пайызын офлайн-форматқа көшіре алады. Қоғамдық тамақтану орындары Ashyq қосымшасы бойынша таңғы 7-ден түнгі 2-ге дейін әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып, қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, театрлар мен концерт залдарына дәл осылай жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу