Мұнайлы: Ата жұртқа келгендер аудан халқының 97 пайызын құрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайлы: Ата жұртқа келгендер аудан халқының 97 пайызын құрайды

16.06.2021

Маңғыстауда Мұнайлы ауданының тұрғындары тарихи отанға қоныс аударған қандастардың есебінен 3 жарым есе өсіп, 180 мыңға жетті. Бүгінде ата жұртқа келгендер аудан халқының 97 пайызын құрайды. Олар шағын және орта бизнесті дамытып, аймақтың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосуда. Тәуелсіздіктің жемісі-Мұнайлы ауданының тыныс-тіршілігі келесі бейнематериалда.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтауға іргелес орналасқан Мұнайлы ауданы осыдан 14 жыл бұрын құрылды. Ол кезде мұнда 3 ауылдық округ және оларға ортақ 1 ғана балабақша болатын. Содан бері аудан қарыштап дамып, аумағы кеңейіп, ауылдық округтер саны 7-ге жетті. Ал оларда 70-тен астам балабақша мен 20-дай мектеп бой көтерді. 

 Аудан құрылған кезде бірінші мәселе әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі болды. Бюджет қаржысы мен кәсіпкерлік қолдаудың арқасында олардың саны күн санап артып, екінші мәселе, маман тапшылығы сезілді. Күні бүгінге дейін ауданға басқа өңірлерден 200 жас маман шақырылған. Солардың бірі- Ақтөбе қаласының тумасы, кардиолог Гүлназ Хожақұлиева.

Гүлназ Хожақұлиева,  Мұнайлы аудандық аурухананың кардиолог және узи дәрігері:
Халыққа деген көмек көрсетейін деген мақсатпен келдім. Мұнайлы ауданы жас аудан болғанымен халқы өте көп. Ауру саны да көп. Дәрілерлер жетіспейді. Біз енді жас маман болғандықтан бірнеше жұмысты қосымша жұмыс істеуге тура келеді. 

Арыстан Әлібеков Маңғыстауға 2000-шы жылы Түрікменстан елінен қоныс аударды. Бүгінде Мұнайлы ауданының белді кәсіпкері. Ол ата жұртта ата кәсіпті қолға алып, мал сою пунктін іске қосты. Орталықта мал бордақылайтын кәсіпкерлерге де жағдай жасалған. Бас-аяғы 25 адам тұрақты жұмыс істейді.

 Арыстан Әлібеков, кәсіпкер:
Осы ауданға мал соятын пункт қажет болды. Қазір халқымызға 15-20 кейде 25 тоннадай етті қамтамасыз етіп отырмыз.Өзіміздің лабораторияымыз бар тексеруден өткен кәдімгі халыққа қолайлы, арзан бағамен ет өткіземіз. 

Мұнайлыда қызмет көрсету саласы мен азық-түлік дүкендер желісі жақсы дамыған. 6 мыңға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Оларда 15 мыңдай адам еңбек етеді. Кәсіпкерлердің 60-65 пайызы қандастар.

Рахат Елтізаров, Мұнайлы ауданының әкімі:
Әлі де орта және шағын бизнеске кредит аламыз дейтіндерге 4-5 пайызбен несие алуға толыққанды мүмкіндік бар. Ауданның тұрақты қалыптасуы бұл жерде қоғамдық-саяси жағдай, экономикалық тұрақтылық аясында қазір көп қандастарымыз осы ауданға келіп тұрып жатқаны. 

Жас аудан Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына тарту әзірлеп жатыр. 2 бірдей мектеп падалануға беріледі деп күтілуде. 80 пәтерлі тұрғын үй тапсырылмақ. Балалар ойын алаңдарымен толық қамтылып, Батыр және Маңғыстау ауылдарының тұрғындарына саябақтар салынады.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу