Семейде жолаушы тасымалдаушы компания лизинг қарызын өтей алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде жолаушы тасымалдаушы компания лизинг қарызын өтей алмаған

10.06.2021

Семейде жақында дефолт жарияланған «SEMEY BUS» кәсіпорнының өкілдері өздерінің өткен жылғы кіріс-шығыстары мен қарыздарын арнай бринг кезінде жария етті. Компания басшыларын екі жыл бұрын ғана құрылған кәсіпорынның құлдырауына, облыс әкімшілігінің тиісті субсидия төлемеуі себеп-дейді. Ал жергілікті биліктің айтар өз уәждері бар.

«SEMEY BUS» кәсіпорыны 2020 жылы жолаушы тасамалдаудан 1 млрд 702 млн теңгеден аса пайда түсіріпті. Оған қоса карантин кезінде өзге кәсіпорындарға қызмет көрсетуден тағы 62 млн теңге кіріс әкелген. Алайда, мұның барлығы компанияның шығындарын өтеуге жетпей қалған.

Болат Қылышбеков, «SEMEY BUS» ЖШС директоры: 
Бізде лизингтік төлемдер жасалмай қалды. 2020 жылға 1 милиард 16 миллион 408 мың теңге. Салық бойынша 358 миллион теңге. Міндетті зейнетақы төлемдері үшін 101 миллион теңге қарыз бар.

Бұл қарыздардың барлығы облыс әкімшілігі тиісті субсидияны төлемеу салдарынан пайда болды-дейді тасымалдаушы. «SEMEY BUS» кәсіпорыны өткен жылға 1 миллиард 675 мың теңге субсидия берілуі тиіс еді –деп отыр. Алайда, әкімшілік өкілдері, жолауыш тасымалдаушы мекеменің субсидия алуға келгенде заңды міндеттерін орындамағандығын алға тартады. Қазір «SEMEY BUS» пен Өнеркәсіпті қолдау қоры өзара соттасып жатыр.

Нұрымбет Сақтағанов, Семей қаласының әкімі: 
 «SEMEY BUS» осы өнеркәсіпті қолдау қорын жеңіп шығып жатса, өздерінде автобустары қалып жатса, әрі қарай біз өзіміздің келісімшарт аясында жұмыстарымызды жалғастырып, барлық көтерілген сұрақтарды бірте-бірте шешеміз.

Жергілікті әкімшілік енді соттың шешімін тосып отыр. Әзірге «SEMEY BUS» компаниясының әрі қарайғы жұмысы беймәлімі. Бірақ, кәсіпорын өкілдері осы айдан бастап қоғамдық комиссия құрып, өздерінің қаржылай есептерін ашық түрде жариялап отыратындарын жеткізді.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу