Семейдегі қоғамдық көлік мәселесі реттеледі

25.09.2020

Семей тұрғындары соңғы кезде қоғамдық көлік мәселесін әлеуметтік желіде қызу талқылауда. Нақтырақ айтсақ,облыс әкімінің Instagram парақшасында наразы пікірлер көбейген. Тұрғындар негізінен қоғамдық көліктердің тазалығы мен автобустардың жұмыс кестесіне риза емес. Сондықтан облыс басшылығының тапсырмасымен қазір қаладағы жолаушы тасымалдаушы компанияларда тексерулер басталды. Өткен жылдан бастап Семейде әбден тозығы жеткендерінің орнынан 170 жаңа автобус сатып алынды. Электрондық төлем жүйесі енгізілді. Бұл қызмет сапасын әлдеқайда арттырды. Алайда, соған қарамастан қоғамдық көлік қызметіне қатысты тұрғындардан шағымдары бар. 

Семейліктер жолаушы тасымалдау сапасы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғандығын да жоққа шығармайды. Ал, облыс әкімінің Instagram парақшасында тым қаптап кеткен теріс пікірлер әлдекімдердің ұйымдастырып отырған фейк шабуыл-дейді мамандар. 

Ернар Мустафин, ШҚО Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы бастығының орынбасары: 

-Теріс комментарийлерді ақша төлеп жаздырған. Бұл көрініп тұр. Бір адам 11 рет пікір жазған. Ал Семей тұрғындарының тарапынан біздің басқармаға, қалалық әкімдікке ресми арыз түспеген. Мәселе әрине,бар. Реттеп жатырмыз. Семейде 220 автобус жүр. Негізі 260 болуы тиіс. Көлік жүргізушілері жеткіліксіз. Бұл мәселенің барлығы шешілуде.  

Облыстық әкімшіліктің қолдауымен өткен жылы «SEMEY BUS» компаниясы құрылған. Жолаушы тасымалдаушы мекемеге лизинг арқылы жаңа автобустар алу үшін бюджеттен 633 млн теңге бөлген. Алайда мемлекеттен қолдау көрсе де тасымалдаушылардың тарапынан кемшіліктер де жоқ емес. Кестеден кешігу, автобустардың тазалығы мен бағыттардағы көлік санына қатысты мәселелер бар. 

Болат Қылышбеков, «SEMEY BUS» ЖШС директоры:

- Қазір күнде желіге 110-115 автобус шығады. Яғни, бұл жылжымалы құрамның 69 пайызын құрайды. Әрбір бағыттың өз кестесі бар. Біздегі жүрген автобустардың санын арттыру аса қиын емес. Мәселе басқада. Біріншіден, автобус жүргізушілерінің жетіспеушілігі. Екіншіден, жолаушы санының аздығы. Соған қарамастан қосымша автобустарды шығарамыз.  

Кешеден бері қалада қоғамдық көліктердің санын көбейтіліп жатыр. Сондай-ақ автобустардың жұмыс кестесі 21:00-ге дейін созылды. Қазір облыс әкімінің тапсырмасы бойынша Семейде арнайы комиссия жұмыс істеуде. Қоғамдық көлікке қатысты барлық мәселе тексеріліп, шешімін табады. Бұл туралы Даниал Ахметов өзінің Instagram парақшасында жария еткен. 

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу