Өскеменде сапасыз салынған үйлерді қалпына келтіру үшін тағы 600 млн теңге қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде сапасыз салынған үйлерді қалпына келтіру үшін тағы 600 млн теңге қажет

10.06.2021

Өскеменде мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасымен салынып, кейін қаңырап бос қалған 43 үйді қайта қалпына келтіру үшін 600 миллион теңгеге жуық қаражат керек. Осыдан 13 жыл бұрын тұрғызылған 1 және 2 қабатты үйлер ипотекалық несие арқылы мұғалімдер, дәрігерлер мен полицейлерге үлестірілген. Бірақ баспана сапасы бағасына сай болмай, қоныстанғандар көпке дейін жөндеу жұмыстарынан көз ашпады. 43 үй әлі бос тұр. Бүгінде көбінің құр қаңқасы қалған. Кезінде осы жерде баспана салу үшін бюджеттен 190 миллион теңге бөлінген. Енді билік өкілдері құрылысты қайткенде де аяқтауға бел буып отыр. Бұл үшін техникалық зерттеу де жүргізген. Ал тұрғындар сапасыз үй салып, мемлекет ақшасын талан-таражға салғандардың ешбірі жауапқа тартылмағанына күйінеді. 

Түсіпхан Қоңырбаев, қала тұрғыны: 
Бұрынғы заман болса, 70-80 жылдары, мұндай құрылыс үшін, осылай салғаны үшін алдын 25 жылға соттап, артын атуға апаратын еді. Қанша еңбек кетті. Қазір енді не жол жоқ. Қыста күрелмейді, жазда тізеден келетін батпақ.

Дидар Кеңесбаев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: 
600 миллион теңгеге жуық ақша керек. Қалалық немесе облыстық бюджетте ондай қаражаттың болуына байланысты, бұл үйлерді қайтадан жөндегенше жаңадан салған тиімді емес пе деген сұрақ бойынша соңғы шешімді бюджеттік комиссия қабылдайды. 

 Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу