Қатаң карантиндік шараларға қарамастан былтыр мемлекеттік бюджет кірісі 100,3 пайызға орындалды. Қазақстан Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі кезінде қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осылай деді. Қаржы министрінің есебі бойынша былтыр бюджетке 5,5 трлн теңге салық түскен. Жоспар 22 млрд теңгеге артығымен орындалыпты. Алайда бюджеттік түсімдерді көбейту үшін жасалатын салықтық жеңілдіктердің тиімділігі туралы әзірге нақты ақпарат жоқ. Мәселені қайта зерттеу керек деді Мәжіліс төрағасы. Жалпы бюджеттен қаржыны бөлдіріп алып, игере алмаған министрлер депутаттар тарапынан сынға алынды. Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шаралар еліміз бойынша жұмыссыздықты 4,9% деңгейінен асырмауға және орташа айлық жалақыны 7,3% - ға ұлғайтуға жол ашқан. Нұрлан Нығматулин есеп беру үшін емес халықтың қамы үшін жұмыс істеу керектігін тағы да ескертті.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Үкіметтің ұлттық банктің айтып отырған пайыздары дұрыс шығар. Бірақ та осы экономиканың өскенін халық көру керек, халық сезу керек. Қалай сезу керек? Азық-түліктің бағасы арзандау керек, коммуналдық қызметтің бағасы төмен болуы керек. Халықтың өмір сапасы жоғары болуы керек. Сонда ғана осы пайыздарды халық қабылдайды. Елбасы да Мемлекет басшысы да әрқашан да үкіметтің алдына осындай міндет қойып отыр. Олай болмаса сіздердің пайыздарыңыз қағаздағы жай ғана сандар болып қалады.
Оңғар Алпысбайұлы