«AQYL» білім депозитінде 22 млрд теңге жиналған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«AQYL» білім депозитінде 22 млрд теңге жиналған

08.06.2021

Елімізде студент жастардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған 5 әлеуметтік жоба іске асып жатыр. Соның бірі «AQYL» білім депозиті. Бүгінде аталмыш жобаға атсалысқан 16 мыңнан астам салымшы бар. Мамандардың пікірінше, бұл төмен көрсеткіш. Толығырақ тілшіміз Ақниет Балтанова тарқатады.

Әнуар 7 жыл бұрын 3 ұлының атына «AQYL» мемлекеттік білім беру жинағын ашқан. Содан бері ай сайын әр депозитке 10 мың теңге салады. Жобаның артықшылығын түсінгеннен кейін, таныстарыма да айта бастадым дейді ол.

Әнуар Амангелдиев, ата-ана:
Егер баламыз грантқа түсетін болса, бұл ақшаны банктің процентімен, мемлекеттік сыйақымен қоса қйатарып аламыз. Қазақстанда оқыса да, немесе шетелдің білім ордасын таңдаса да біз осы қаражатты пайдалана аламыз. Өте ыңғайлы, тиімді.

 «AQYL» мемлекеттік білім беру жинағы 2013 жылы ашылған. Бірақ салымшылар қатары 16 мыңнан енді асты, яғни жалпы сомасы 22 млрд теңге жиналған. Дамыған мемлекеттерде бұл бір жолға қойылған үрдіс. Яғни дүниеге сәби келген бойда ата-ана баланың болашағын ойлап, инвестиция қорын құруға қамданады.

Асқар Ибраимов, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы АҚ» президенті:
Азаматтарда ең бастысы қорқыныш пен сенімсіздік болмау керек. Себебі «AQYL» депозиті 10 млн теңгеге дейін Қазақстанның кепілдік беру қорымен сақтандырылған. Жылына 5% мемлекеттік сыйақы беріледі, әлеуметтің осал тобы үшін бұл көсеткіш - 7%. Сондай-ақ, банктердің 9%-ға дейінгі сыйақысы тағы бар.

Келесі жоба – жатақхана салу мен реконструкциялау. Мемлекет бұл жұмыстарға инвестор тартады. Нысан бой көтерген соң кәсіпкерге 8 жыл бойы әр студент үшін 122 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді. Жатақханадағы бөлме ақысы да кәсіпкердің пайдасына жұмсалады. Ғимараттың бірінші қабатын коммерциялық мақсатта пайдалануға болады. Ал 20 жылдан кейін жатақхана толықтай кәсіпкердің жекеменшігіне өтеді.

Алпамыс Сатыбалдин, ҚР БҒМ «Қаржы орталығы АҚ» ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры:
Жатақхана тапшылығы Алматы қаласында көп байқалады, 20 мың орыннан асады. Екінші Нұр-Сұлтан қаласы. Жалпы басқа қалалардың барлығында жатақхана тапшылығы бар. Қазақстан бойынша бұл жоба толығымен қолға алынды.

Қалған 3 жоба жекеменшік мектептер салуға, білім кредитін кепілсіз беруге және волонтерларды ынталандыруға бағытталған. Мамандар студенттер мен оқушылардың ұсыныстарына сәйкес барлық жобаларға толықтырулар енгізіліп отыратынын да айтты.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу