Тәуелсіздік шежіресі: 2001 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік шежіресі: 2001 жыл

06.06.2021

«Тәуелсіздікке 30 жыл. Тележылнама» айдары. Нұрлан Асқар 2001 жылдың кейбір детальдарына тоқталады. 

2001-дің күзі. Америкада дүниені дүр сілкіндірген терактілер болды. Расында, 11 қыркүйектен кейін әлемде көп нәрсе өзгерді. Тіпті сол оқиғаға дейін және кейін деп шекара қоятындай өзгерістер болды. Орталық Азияны «Баткен» оқиғасы әлі де шошытып тұр. Батыс ауғанға жақын -елдерді «фронттық зона» деп белгіледі. Сөйткенде Қазақстан Рим Папасын Астанада қарсы алады.

11 қыркүйек оқиғасынан соң АҚШ шұғыл «Ауған операциясын» бастауды жоспарлайды. Усама бен Ладеннің көзін жоюға асық. Тек.

Нұрлан Асқар, тілші:
Батыстық басылымдарда «Вашингтон Рим Папасының Қазақстандағы сапарының аяқталғанын күтеді» - деп жазды. Дәлірек! Понтифик кеткеннен соң, 10 күн салмай Қырғызбен Өзбек жерінде АҚШ-тың әскери базасы құрылады. 7-ші қазанда операция басталды.

Сонымен Рим папасы Иоанн Павел екіншінің сапары аясында Астананың қауіпсіздігі күшейді. Бас қалаға 10 мыңға жуық сақшы мен әскерилер аттанды. Жүрілген бағыттың әрбір 2 метріне күзет қойылды.

Томаш Бернард Пэта, архиепископ:
 Иоанн Павел 2 бүкіл қазақ жұртына бейбітшілік дұғасын оқыды. Рим папасы осы кезде дүниенің дүрлігіп жатқанын біле тұра, Астанаға келді. 

«Отан-ана» монументінің алаңында Иоанн Павел екіншіні көруге 50 мың адам жиналды.

Кеңшілік Тышқанұлы, дінтанушы:
Иоанн Павел 2-нің келуі мемлекет үшін бір жағынан саяси болса, бір жағынан дінаралық диалог. Ол кезде мұсылмандар 50-55 пайыз еді. Иоанн Павел 2 мұсылмандыққа жылы көзқараспен қарайтын еді.

2001-де тәуелсіздікке 10 жыл. Алғашқы онжылдық идеологиялық тұрғыдан сәтті пайдаланылғандай. Бүкіл елді «Менің Қазақстаным» деген поезд шарлады. Жолаушылары - әнші-әртіс, дәрігер мен заңгер. Бір ауылда концерт боп жатса, енді бірінде елге ем-дом жасалып жатты. Осы жылы елде көптеген жолдар жөнделе бастады. Әуежай мен Каспийдегі теңіз порты қайта құрылды. Бастысы ТрансЕуразиялық магистраль құрылысы басталды. Жобаның атауы – Батыс Қытай – Батыс Еуропа.

Нұрлан Асқар, тілші: 
Айтпақшы, 2001-де мұнай саласының тынысы ашылды. Өйткені 5 жылға созылған Каспий құбыр консорциумының құрылысы тәмам. Ұзындығы 1500 шақырым. Бұл арқылы біздің қарамай Қара теңіздегі порттағы жеткізіле бастады. Әрісі танкерлерге құйылып, тапсырыс берген елдерге жетті.

Елдегі 8 ірі өзен траншекаралық. Бұл территориядағы су ресурсының 40 пайызы.

Анар Тілеулесова, гидролог:
Қытаймен өзен-көлді бөлісу 92-жылдан бастап келе жатыр. Қалған көршілес елдермен шекаралық өзен мәселесі одақ кезінен бері байланыс болды. 92-ден бастап қытаймен кіші өзендер мәселесін талқыладық. 2001-ден бастап Ертіс пен Іле өзеніне көштік.

2001 ден 2018-ге дейін қазақ-қытай су мамандары 15 рет кездесті. Өйткені Ертіс пен Іленің 70 пайыз суы Қытайдан ағады.

Нұрлан Асқар, тілші:
Қазақстан өзендердің төменгі ағысында. Демек, су жағынан көршілерге қараймыз. «Бір ғана Қытай-Қазақ шекарасын 24 ірілі-кіші өзен кесіп ағады. Ішіндегі ірісі – Ертіс пен Іле.

 Ертіс пен Іленің стратегиялық мәні бар. Ертістің тартылса, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларындағы өндіріске соққы. Сосын Нұрсұлтан, Теміртау, Қарағанды қалаларын ауыз сумен қамту күрделенеді. Өйткені шаһарлар ауыз суды Ертіс өзенінен құбыр арқылы алып отыр. Іленің өзі талай істі іркілтеді.

Анар Тілеулесова. гидролог:
Гидрологиялық пост деген бар. Судың сапасын көрсетіп тұрады, қанша су келіп жатқанын көрсетеді. Мұндай екі жақта да жоқ еді. 2005-тегі келіссөзден кейін олар шекара жақын аймақтан сондай постты қойды. Біз Дубун дегенді судың кіреберіс жеріне қойдық.
Мағзұм Мырзағалиев. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
Ашығын айту керек, келіссөздер оңай емес. Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөз жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан - Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел.

Айтпақшы 2001-дегі қытай-қазақ келісімі мақұлдасуға негіз болатын құжат еді. Нәтижесінде сарапшылар тобы құрылды. Қорғас, Сүмбе өзендерінің бойындағы құрылыс келісімі жасалды. Кемі көктемде су көбейген сәтте хабар беріп тұратын болды.

Бұл жылы Семейде аспалы көпір салынды. Құрылысын Жапондарға тапсырдық. Ұзындығы 1 шақырым. Өзі 6 жолақ. Қызығы, көпір 2007 жылы ғана әкімдік балансына өтеді. Дегенмен 2001-дің сенсациясы сол, оппозициялық ұйым – Үкіметтің құрамында құрылып жатты. Биліктің биік эшалонында жүргендер «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрғанын мәлімдейді.

2001-де «МузАрт» құрылды. Мақатаевтың «Сенің көзің» әнімен бірден көзге түседі. Хош!  «МузАрт»  менмұндалағанда, Ұлытау мұхит асты. АҚШ-та бүкіләлемдік музыка орындаушылардың» чемпионына қатысқан еді. 86 мемлекеттен келген өнерпаздар ішінде этно-рок стиліндегі Ұлытауымыз оза шапты. Бірден гранприді қанжығаға байлап елге қайтады. Әуелі Вивальдидің классикасы, сосын «Адайды» жібереді.

Қыдырәлі Болманов,   әнші, продюсер: 
3 орынды айтты, 2-ні айтты біз жоқпыз. Ойладық Америкада кім береді бізге 1-орынды деп. Онда да жоқпыз. Бітті болды дедік. Сөйткенде бас жүлдені Ұлытау дегенде...

 2001-дегі зерттеуден кейін 14 облыстың 11-інде ЗОБ ауруы асқынып тұрғаны көрінді. Мамандар топырақ, су және тамақ өнімдерінде йод тапшы екенін хабарлайды. Сөйтіп шұғыл профилактикалық бағдарлама қабылданды. Үкімет наубайхана иелері мен тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпкерлерге, тағамдарыңа йод мөлшерін молынан қосыңдар деп тапсырады.

Нұрлан Асқар, Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу