Үкімет маусымнан бастап 18 жол бөлігіне ақылы жүйе енгізуді жоспарлаған еді. Өткен аптаның соңынан бері елдің бірнеше аймағында жүк көлігін жүргізушілер бұған қарсылық танытты. Ақылы болады деген кей жолдардың әлі толық жөнделіп бітпегенін, белгіленіп отырған ақы мөлшері тым қымбат екенін айтады. 18 жолды ақылы жүйеге көшірмес бұрын жол сапасын тақтайдай қылсын деді.
Мысалы, сәрсенбіде Шымкенттен Ташкентке шығатын күре жолдың бойына жүк көліктерін қаңтарған шопырлар, сапасы нашар жолға үкімет тым қымбат ақы сұрайтынын, ал бұл тұптеп келгенде жүк бағасына қосылатынын, сөйтіп тағы да тұтынушының қалтасын қағатынын айтты. Жүк тасушылар Ақтөбеде тіпті жолды жабуға әрекеттенді.
Апта ортасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жауап берді:
Шын мәнінде Ақтөбе облысындағы жолдар әзірге ақылы болмайды. 2025 жылға дейін ол жақта жөндеу жұмысы жүргізіледі. Содан кейін мемлекеттік стандартқа сәйкес техникалық санаты анықталады. Тек содан кейін ғана ақылы жүйе енгізіледі, – деді.
Министр 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жолды күтіп ұстауға жыл сайын республикалық бюджеттен 40 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалатынын айтты. Жолды ақылы қылу арқылы сол шығынды азайтпақ. 2025 жылға дейін 11 мың шақырым автомобиль жолын ақылы қылу жоспарланған. Ал биыл соның алғашқы 5,8 мың шақырымы бәрібір ақылы болмақ.
Мұның жөнделмеген жолға қатысы жоқ. Ең алдымен ой-шұңқырсыз, жөнделген бірінші техникалық санаттағы жолдар ақылы болады. Кейінірек екінші санаттағы жолға өтеміз, – дейді Б. Атамқұлов.
Жалпы, бірінші техникалық санаттағы жолмен жүргені үшін ауыр жүк көліктен әр шақырымға 37 теңгеден алу ұсынысы болғанын растады. Бірақ 2013 жылы үкімет бекіткен ақы мөлшері әзірге өзгермейді деп сендірді. Оған сәйкес, жүк көлігі бірінші санаттағы жолдың әр километріне 25 теңге, жеңіл көлік 1 теңге төлейді.
Дегенмен жүк тасушылардың көңілі орнына түскен жоқ. Олар төрт қабаттың орнына екі қабат қана асфальт төсейтін елде жол қалай сапалы болады? деп сұрайды. Нұрхан Нұрланұлының материалы.
Биыл маусым айынан бастап республикадағы 18 жол бөлігі кезең-кезеңімен ақылы болмақ. Алайда бұған тауар тасымалдаушылар түбегейлі қарсы. Олар онсыз да шығынымыз көп, енді әр жүрген шақырымға ақы төлесек, табыссыз қаламыз деп алаңдап отыр.
Рамиль Кулиев, жүргізуші:Алматыдан Оралға мен болайын, басқа біреу баратын болса, 80 мың ақша төлеу керек екен. Логистикалық компаниялар 300 мың теңге төлейді. Бастысы қазір бізге ақылы жолды алып тастасын.
Жаңа тариф бекітілсе, бюджетке қыруар пайда екені анық. Бірақ ақылы жол талабына қызмет көрсету сапасы сай емес деген барлық өңірдегі жүргізушілер өткен аптадан бері көліктерін жол бойына қаңтарып қойды. Алматы облысында жиналған 100-ден астам тауар тасымалдаушы тас жол тегін болмайынша тапсырыс қабылдамайтынын, жұмысқа мүлдем шықпайтынын айтты. Басты талап – алдымен жолдарды жөндеу керек.
Әбдіқасым Мамырбаев, жүргізуші:Бір қолың рульде, екінші қолыңмен көз жасыңды сүртіп отырасың. Міне, біздің жол. Соған ақша төлейміз бе, біз енді? 50 мың теңгеге бір жерге барып келгенім. Ол жақтан бері қарай жүк болмай қалса не істеймін? Мен ауылға, өз үйіме жете алмай қаламын.
Батыс Қазақстанда да ұзындығы 418 шақырым жол ақылы болады. Алайда тақтайдай болып жатқан күре жолдар жоқ, дейді жүргізушілер. Ас-суы, әжетханасы бар автотұрақты айтпағанның өзінде, жолдағы қауіпсіздік сын көтермейді. Бұған қоса мал жолға шығып, апаттан адам өлімі жиілеп кеткен. Көлік сынса, жөндеу орны жоқ. Қыста қар аршылмайды, көк мұзға құм төселмейді.
Азамат Мүсілов, ҚР ИИДМ жанындағы эксперттік топ сарапшысы:Беларуссияда жол ақысын алмас бұрын барлық қызметті енгізген. Сосын 1 жыл бойына тестік режимде жұмыс істеген. Ақша алдырмаған. Сосын бүкіл ақпаратты алдырған. Жол-көлік оқиғасы кезінде полиция неше минутта жетті, жедел жәрдем қашан жетті, қар-мұздақта жол жағдайы қандай болды? Жолды сапа мен қауіпсіздікке сай келтірсек, тіпті, жеңіл көлік те төлер еді.
Түркістандық жүргізушілер де жол жиегіне көліктерін қойып, наразылық білдірді. Бәрінің базынасы бір: жолға төленетін ақыны шақырымына 5 теңгеден жоғары көтермеу. Себебң жол құны қымбаттаса, тасымалданатын тауар бағасы да аспандайды, дейді олар.
Бағдат Айғолжаев, жүргізуші:Соңғы осы бір-екі айдың көлемінде базардағы баға 25-30 пайызға қымбаттады. Ал ертең ақылы жол болатын болса, 50 процентке қымбаттайды. 50 процентке қымбаттағаннан кейін күн көру қымбаттайды.
Манас Пірімқұлов, жүргізуші:Сарыағаштан шығып Ақтөбеге барып келем аптасына бір 100 мың теңге қалады. Ал қазір қалмайын деп тұр. 100 мың теңгесін жолға төлейді екем.
Маңғыстау облысындағы жүргізушілердің де пікірі осындай. Бұл аймақта Ақтаудан Атырауға дейін, Бейнеу ауданынан Өзбекстан шекарасына дейінгі жол ақылы болмақ. Күре жол арқылы облысқа азық-түліктің 80% сырттан тасымалданады. Сондықтан ақылы жолдың кесірі қарапайым халық пен бала-шағамызға тиеді, дейді олар да.
Берекет, жүргізуші:Біз мемлекетке, үкіметке қарсы шығып, наразылық білдіріп, ақша сұрап, алақан жайып отқан жоқпыз. Ең болмағанда бала-шағамызға тауып отқан адал асымызға кедергі келтірмесін. Сұрарымыз осы біздің.
«ҚазАвтоЖолдың» бұл бастамасы депутаттардың да сынына қалды. Олар тарифті 5 есе өсіру жоспарынан бас тартуды талап етіп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне сауал жолдады.
Азат Сембинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Жолдарды ақылы ету нарықтық экономика талабы дейді. Бірақ нарықта бәсекелестікпен бірге таңдау болу керек емес пе?! Мұндай әрекеттерден соң тасымалдау шығыны кейде тауарлардың өзіндік құнының 10-15%-ына дейін барады. Халық онсыз да қиын жағдайда тұрғанда, тарифті бес есе өсіру тауарлар мен азық-түлік бағасын автоматты түрде қымбаттатады.
Елде ақылы жолдар 2013 жылдан бері бар. Алдымен Нұр-Сұлтан-Шучье, сосын Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай бағыты қосылды. Былтыр осы жолдардан 5,7 миллиард теңге табыс түскен. Ал ақылы жүйе биыл ел аумағындағы 5800 шақырым жолға, ал 2025 жылға дейін 11 мың шақырым жолға енгізілмек. Жауаптылардың мәліметінше, жүргізушілердің айтып жүрген тарифі тек жоспар ғана. Дегенмен, елдегі республикалық деңгейдегі жолдарды жақсы жағдайда ұстап отыруға жыл сайын 40-42 млрд теңге қаржы жұмсалады. Жолдың тозуына жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы өтетін 100 мыңдай шетелдік жүк көлігінің де әсері бар. Ал жаңадан тариф бекітсек, бюджет қаржысын үнемдер едік дейді. Бірақ ол әлі қабылданбаған. Алдымен жарамды жолдарда ғана ақы алынады. Кей бағыттарда жөндеу жұмыстары жүргеннен кейін ғана енгізіледі.
Талғат Смағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасының орынбасары:Тарифтер қазір бекітіліп жатыр. Бірінші санаттағы жолдарда барлық көлік түрінен ақы алынады. Жеңіл көліктер шақырымына 1 теңге, жүк көліктері алдын ала төлем жасаса салмағына қарай 25 теңгеге дейін, егер бекетке келіп есептетсе 37 жарым теңге төлейді. Басқа санаттағы жолдар үшін жеңіл көліктерден ақы алынбайды, тек жүк көліктеріне міндеттеледі.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:Апта басында «ҚазАвтоЖол» барлық өңірден ұсыным жинап, соған сай шешім шығарамыз деген. Бірақ сұхбат барысында жаңа талап бекітілгенде әдеттегідей шлагбаумдар болмайтынын, оның орнына арнайы аркалар қойылып, оған ақы есептейтін камералар орнату жоспарланғанын айтып қалды.Әйтеуір жолдың ақылы болары анық. Сондықтан «ҚазАвтоЖолдың» кез келген шағымды тыңдауға дайынбыз деген жауабы жүргізушілерге жұбату болмай тұр. Олар наразылық толқуға ұласпас үшін ғана осылай жылы жабудың амалын жасады деген пікір білдірді. Жүк тасушылар «ҚазАвтоЖол» басшыларының да, дәл сондай сипаттағы сөзді айтқан Индустрия министрінің де жолды жөндеп барып ақылы қыламыз дегендеріне сенбейді.
Нұрхан Нұрланұлы