Сауда саласындағы қадағаланбайтын экономика үлесі 8 пайызға жеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауда саласындағы қадағаланбайтын экономика үлесі 8 пайызға жеткен

06.06.2021

«Біздің зат арзан, адамдар ырза болып алады. Отырған жерімізді таза ұстаймыз. Неге бізді түрпектейді. Отбасымызды асырап отырмыз. Қайда барамыз. Күннің астында отыр. Шаң-тозаң. Тоңазытқыш жоқ. Олардың тауарының сапасы нашар».

Бұл сауда үйлерінің ішіндегі коммерсанттар пен сыртында тұратын саудагерлердің айтысы. Әркімнің өз аргументі бар. Салық төлемейтіннің де. Экономист Сапарбай Жобаев: Олардың табысы өзіне жетсе, құқық қорғау органдарынан қашып, адамдардың сөзін естіп, көшеге саудаға бармас еді, дейді. Иә, «жабайы сауда» бұрыннан бар. Бірақ коронадағдарыс қайтадан өршіткендей. Санитарлық нормалардың өрескел бұзылуынан бастап, салық төлемеуге дейінгі жайттар – адамдардың күнделікті тойып тамақ ішу, күнделікті қажеттіліктерін өтеу сияқты аса маңызды фактордың жанында не? «Қаз-қалпында» деп ұсынатын Данияр Қайыртайдың материалы.

Әлия Исабекова, жайма базар саудагері:
Ешкім ерігіп жүрген жоқ. Осы 5-10 теңгеге бала-шағамызды асырап жүрміз. Қымбатқа сатып жатқанымыз жоқ, бағамыз арзан.

Елордалық Әлия Исабекова 17 жылдан бері «Шапағат» базарының маңында көкөніс сатады. Бастапқыда қасындағы саудагерлермен бірге жерасты өткелінде тұрған. Кейін ол жер абаттандырылады деген соң осы тротуарды «базарға» айналдырған. Енді әкімдік бұл жерге де сыйдырмай тұр дейді. Тұрғындардың сұрауымен аллея салмақшы.

 Жайма базар саудагері:
Осы жерде 35-40 отбасы жан бағып отыр. Енді бұл жерге не деген гүл егеді? Біз сонда қайда баруымыз керек? Анау бір бұрышқа апарып, ешкім бармаған, отырайық па сол жерде, мынаның бәрі бір күнде быт-шыт болып?

«Анау бір бұрыш» деп қомсынып отырғаны – әкімдік балама ретінде ұсынып отырған екі орын. Саудагерлер екеуін де барып көрген. Сауда жүретін жер емес дейді.

Әбдірахман Дәуленбаев, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары:
Тегін. Ол жерде палатка қойылған. Төбесі жабық. Столдар қойылған. Олардың бәрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелуіне көмектесеміз. Консультация береміз. Қазіргі таңда заңсыз істеп жатқан жұмыстарын заңдастыруға және санитарлық нормаларға сәйкес келетін жағдай жасап жатырмыз.

Ал қазір жайма базарда тазалық сақталмайтынын әрі азық-түліктің сапасы тексерілмейтінін «Шапағаттан» орын жалдап, салық төлеп, санитария талаптарын орындап отырған сатушылар да айтты.

Сабила Әбдіхалықова, «Шапағат» базарындағы саудагер:
Прилавка жоқ, тоңазытқыш жоқ, шаң, күн астында. Халық документ бар ма, мынаны заңды түрде әкеліп жатыр ма, оған қарамайды. Кішкене арзан болды ма соны алғысы келеді.
Орынжан Үйсінбаева, «Шапағат» базарындағы саудагер:
Бізге олар бәсеке болып тұр. Көп арзанға сатады. Біз кейде таңғаламыз, қайдан алады екен деп. Біз сапасы жақсы тауар әкеліп сатуға тырысамыз. 
Әлия Исабекова, жайма базар саудагері:
Біз не даладан тауып келеміз бе? Біз де сол оптовыйдан аламыз. Үстінен 10 тг қоямыз. Міне Шапағатта 800 тг мынау. Міне мен 300 тг сатып отырмын. Міне! Сапасы бірдей. Шымкентте өсіп, келіп жатқан кәдімгі болгар бұрышы.
Жайма базар саудагері:
Біз осы жерді өзіміз таза, бәрін сыпырамыз, жуамыз. «Шапағаттың» ішіне кірсең, сасып жатыр.

Бәсекелестер бірін-бірі қаралап әлек. Барлық жерде солай. Тілшіміз Түркістандағы базарды да аралап қайтқан. Заңсыз сауда жасап тұрғандар камераны көріп тұра қашты. Ал базардағы саудагерлер көшедегі коммерсанттардың кесірінен тұтынушылардан айырылып жатқанын айтады.

Жәмила Ескендірова, базар саудагері:
Көшеде тұрғаннан кейін ыңғайлы, көшеден алады да кете береді. Іштен жүк қылып арқалағысы келмейді ғой ешкім. Тегін тұрады. Сондықтан бізден арзан сатады. Енді біздің арендамыз бар, патентіміз бар, ИП-мыз бар төлейтін.
Сәуле Түнеубаева, қала тұрғыны:
Қайсысы жолымызға жақын содан ала береміз, шынын айтайын. Тиімді бағаны іздеп жүреміз базарда.

Рас, жайма базар саудагерлері көшеде заңсыз тұрғанынан бөлек, жеке кәсіпкер ретінде де тіркелмеген ғой. Статистикалық деректерге сүйенсек, сауда саласындағы қадағаланбайтын экономика үлесі қазір шамамен 8 пайызға жеткен.

Әсет Айтбаев, «Атамекен» ҰКП сауда және шоб департаментінің директоры:
Көше саудагерлерінің көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмегені рас. Ақша айналымын жасырын ұстағысы келеді. Бірақ олардың табысы да көп емес. Бір шаршы метрде тұрып көп тауар сата алмайсың да ғой! Сондықтан оларға қатысты талапты бәсеңдету керек. Біз тіпті оларды жеке табыс салығынан босату туралы ұсыныс көтергенбіз. Әкімдіктер олардың соңына түскенше, сауда жасауына ыңғайлы жағдай жасап беруі керек. Себебі бұл, бір жағынан, әлеуметтік мәселе.
Сапарбай Жобаев, экономист:
Олардың табысы өзіне жететіндей болса, күн көруіне жайлы болса, олар құқық қорғау органдарынан қашып, адамдардың сөзін естіп көшеге саудаға бармас еді. Неге барады ондайға? Мұқтаж болғаннан кейін. Әкімшілікпен келісіп, участковыймен келісіп мәжбүр болады істеуге. Көшеде сауда сатып жатқандар төлемін құқық қорғау органдарына береді де мемлекеттің бюджетіне салық төлемейді.

Әлеуметтанушы Салтанат Оразбекова көше саудагерлері азғантай топ болса да социологиялық тұрғыдан зерттелуі қажет екенін айтады. Әйтпесе наразылық ушығуы мүмкін.

Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:
Психологиялық комфорт дейміз ғой, соған олар еніп қалды да енді олар өзгергісі келмейді. Яғни оларды күштеп өзгерту қайтадан әлеуметтік толқуларға алып келеді. Оларды қудалағанмен біз ештеңе таппаймыз. Өйткені онда отырған адамдардың өзін зерттеу керек. Қандай адамдар отыр?

Қандай адамдар екенін өздерінен сұрадық.

 Әлия Исабекова, жайма базар саудагері:
Аштан өлеміз ба? Жастарың үлкен деп бізді жұмысқа алмайды. Студент бала-шағамыз бар, оқып жатқан. Бәрі платный оқиды. Сол жолы, киім-кешегі, тамағы бар дегендей, тіршілік біздікі.

Әйтсе де тәртіп бәріне ортақ. Заң бойынша әкімдіктен рұқсат алынбаған жерде сауда жасауға тыйым салынған.

Бекжан Нақыпов, ҚР СИМ Ішкі сауда департаменті директорының орынбасары:
Өңірлер әкімдіктері стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындайды және бекітеді. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 204-бабында белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
 Данияр Қайыртай, тілші:
Полицияның көзіне бір түссе ескерту жасалады, екінші ретінде 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Жабайы саудагерлердің көбі форма кигендерден қашып-пысатыны да сол. Бірақ «Шапағаттың» жанында тұрған саудагерлер ешкімнен үрікпейді. Айыппұлға еті үйренген. Немесе әбден ашынған. «Полиция бізді асырай ма» дегенін естідік. Ақырына дейін тұратын сияқты.
 Салтанат Оразбекова, әлеуметтанушы:
Олар ақырына дейін тұрады. Бізді мемлекет қолдамады, бізге мемлекет көңіл аудармады деген көңілмен қалуы мүмкін, кеткеннің өзінде де. Және олар сондай негативті көңіл күйді жаятын, кішкентай топ болса да одан кете береді ондай.

Данияр Қайыртай, Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу