Осы аптада Президент бірқатар ел басшыларымен келіссөздер жүргізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президент бірқатар ел басшыларымен келіссөздер жүргізді

06.06.2021

Осы аптада президент бірқатар ел басшыларымен келіссөздер жүргізді. Алдымен Қытайға тоқталсақ. Телефондағы әңгіменің басым бөлігі жарияланбаса да, Ақорда сайтынан ең басты месседждерді оқуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин мультилатерализм тұжырымдамасын және «адамзаттың ортақ тағдыры» қоғамдастығын құру қажет деген тоқтамға келді.

Мультилатерализм – әр елге барлық серіктестерімен қарым-қатынас орнатарда мүмкіндіктерді толығымен пайдалану механизмдерін ұсынатын принцип. Жаһандағы қазіргі жағдайға байланысты сыртқы саясатта жаңа бір тәсіл керек екенін меңзеген болар.

Бұл ретте Қазақстан мен Қытай көлік-транзит бағдарларын одан әрі әртараптандырып, шекарадағы автокөліктер мен теміржол өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіріп, тұрақты әуе қатынастарын қалыпты режимге тезірек көшіруге мүдделі. Қытай төрағасы Қазақстанды аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды мемлекет санайтынын айтты.

Орталық Азиядағы жағдай мен перспективалар Өзбекстан премьер-министрімен кездесуде де талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Абдулла Ариповты Ақордада қабылдап, өзбек елінің біраз саладағы жетістіктері үшін қуанышын білдірді. Екі ел сауда-саттықты 10 миллиард долларға жеткізуді межелеп отыр.

Премьермен кездесіп, оны екінші дәрежелі Достық орденімен марапаттаған соң Қасым-Жомарт Тоқаев келесі күні Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті, жақында өзбек басшысы қазақ жеріне мемлекеттік сапармен келуі тиіс. Сонымен бірге осы аптада Сенат төрағасы М.Әшімбаев Өзбекстанға ресми сапармен барды. Бір аптадағы осы жақындық біздің мемлекеттердің одақтасу деп тұжырыммен айтсақ, пайымының артқанын көрсететіндей ме?! Өте маңызды пайым.

Аптада Армения президенті келіп кетті. Арменияда іс жүзінде премьер-министр қызметі басымырақ болғанымен, қос мемлекет президенттері саяси диалог, сауда-экономикалық байланыс, әлемдегі өзекті проблемалар сияқты мәселелерді талқылады. Қазақ-армян қатынасына серпін беру үшін білім беру, жаңа технологиялар, азық-түлікті қайта өңдеу сияқты бағыттар да қарастырылмақ.


Хабарламаларға жазылу