Қазақстан мен Өзбекстанның парламентаралық байланысы беки түсті. Өңіраралық мәселелер заң тұрғысынан зерделеніп, оны оңтайлы шешу мақсатында жол картасы жасалды. Көршілес елге ресми сапармен барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алдымен «Тәуелсіздік және гуманизм» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Ташкенттен Нысаналы Ығыл тарқатады.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Өзбекстанға табаны тигендер бұл монументке соқпай кетпейді. Себебі, мұнда өзбек халқының азаттығы үшін күрескен бабалар әспеттелген. Бір жағынан, ескерткіш – бейбітшілік пен достықтың белгісі ретінде орнатылды. Тағзым рәсімі біткен соң ресми шаралар басталды. Мәулен Әшімбаев әріптесі, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Екі ел – тату көрші әрі сенімді стратегиялық серіктес. Мұның өміршең болуына парламенттердің қолдауы мен қосары көп. Соның айғағы – қос сенат арасында арнайы ынтымақтастық жөніндегі комиссия құрылды. Бірінші отырысы. Тараптар жұмыс жүйелі жүруі үшін 2021-2022 жылдарға арналған Жол картасына және екі ел парламенті жанындағы парламентаризм институты арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
Сауданың, өзара инвестицияның, өнеркәсіптік кооперацияның үлкен көлемі дәл біздің облыстарға тиесілі. Өңіраралық ынтымақтастықты қолдау мақсатымен өңірлерде қазақстандық және өзбекстандық сенаторлардың кездесулерін өткізуді ұсынамыз. Оған жергілікті өкілді органдар депутаттарының да қатысуы маңызды.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы:
Біз кездесуде өңіраралық қатынасқа баса мән бердік. Бірлескен жобаларды іске асыруды белсенді түрде дамытуға келістік. Бұдан бөлек халықаралық және аймақаралық парламенттік ұйымдар аясында жұмысты жандандырамыз. Демек, Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығы одан әрі нығаярына сенім мол.
Нысаналы Ығыл, тілші:
Бүгінде екі ел арасында академиялық, мобильділік, екі дипломды білім беру бағдарламалары және ғылыми жобаларды іске асыру бойынша 300-ге жуық шарт бар. Осы қарқыннан таймай, оған қоса жаңа қырларды ашу жоспарланып отыр.