Көкте қалықтап, көкте қалды...
Апаттан қаза тапқандардың басым бөлігі өр намысты өрімдей жас жігіттер еді. Күллі қазақ халқының қабырғасын қайыстырған қаралы хабар, әсіресе, бұл азаматтардың ағайын-тумасына ауыр тигені айтпаса да белгілі.
Қаза тапқан 13 сарбаздың көбі Алматы облысынан екенін бұған дейін де хабарлаған едік. Ал екеуі Ақтөбе облысынан екені анықталды. Сондай-ақ, сарбаздардың барлығы дерлік Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері институтының түлектері екен.
Сондықтан, білім ордасы бүгін қара жамылып отыр. Ал біріне ұл, біріне бауыр, енді біріне әке, жар болған 13 сарбаздың ет жақындары болған жағдайға әлі де сене алмай отыр.
Алматы облысы 8 бірдей апталдай азаматынан айырылып қалды. Олардың бірі - кіші сержант Асхат Абдулманат. Үшінші мүшеліне аяқ басқан сарбаз Шығыс Қазақстан облысы, Ақтоғай ауылында туған. Әскерге Талдықорған қаласынан 2010 жылы шақырылған.
«Бала-шаға қамы үшін» деп қызметін Ақтаудағы әуе базасына ауыстырған екен. Алайда отбасына баспана әперемін деген басты арманына Асхат жете алмай кетті. Енді оның туыстары жесір қалған келіншегі мен 4 баласын жебеп жіберу керек екенін жеткізді.
Кәкен Баймурзин, марқұм А. Абдулманаттың туысы:
Бала-шағасы далада қалды, былай қарасақ. 4 баламен. Баласының ең үлкені 13 жаста, кішісі 3 жаста ғана. Кішкентай бала қалды артында. Олар қазір ешқайсысы да ұғып та жатқан жоқ. Кейін өскеннен кейін сұрайтын шығар әкем қайда деп. Сондай жағдайға ұшырадық.
Қаза тапқандардың ішінде Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Аралтөбе ауылының тумасы Сырым Мәсәлім де бар. Бала кезінен әскери болуды армандаған сарбаз Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Ақтау әскери бөлімінде бастаған. Отбасының кенжесі, жас шаңырақтың отағасы Сырым опат болмаса, орда бұзар отыз жасқа келуші еді. Азаматтың артында 3 жастағы ұлы қалды.
Мәлкей Иманғалиев, марқұм С.Мәсәлімнің әкесі:
Кеше сағат 2 жарымда маған хабарласты өзі, «Қызылордаға келдім, жақсы, папа, кетіп бара жатырмыз», деп. Анасына сағат 4-терде хабарласты «ал ұшып бара жатырмыз» деп. Содан кейін теледидардан 4 кісі табылды, жер тұман дегесін... Әлі сенбей отырмын баламның жоқ екеніне... Әлі сенбей отырмын соған...
Құлаған тікұшақ экипажының дені Ақтөбедегі Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтында оқыған. 40 жыл ішінде бұл жерден 5 мың маман түлеп шыққан. Қазаға қабырғасы қайысқан білім ордасының ұжымы сарбаздарды еске алып, қаралы митинг өткізді.
Әлім Ибраев, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері институтының бастығы:
Біздің оқу орнының жеке құрамы қаза тапқандардың туыстарына қайғырып, көңіл айтады. Бүгін біз арнайы қаралы митинг ұйымдастырдық. Қорғаныс министрлігі тарапынан қолдау шаралары жасалатын болады.
Қызметін атқарып жүріп, апаттан қаза тапқан сарбаздардың жаназасасына әр өңірдің жергілікті билік те, үкімет те қолдан келер көмегін көрсетуге әзір. Өйткені, 13 сарбаздың қазасы - 13 әулеттің ғана емес, күллі әлеуметтің қайғысы. Отан алдындағы борышын әуеде атқарып жүріп, опат болған азаматтардың рухы көкке ұшты. Ал жердегілердің кешетіні: өкініш, өртенген өзек... Үзілген өмір мен үзілген үміт үнсіздікке ұласады...
Альбина ӘШІМ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
