«Қазақстан дауысы» жобасына іріктеу шаралары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан дауысы» жобасына іріктеу шаралары жүріп жатыр

03.06.2021

«Қазақстан дауысы» мегажобасы көрерменмен қайта қауышады. Елімізде үшінші рет ұйымдастырылып жатқан шараның іріктеуі осыдан екі ай бұрын басталған. Осы уақыт аралығында жобаға жауаптылар еліміздің барлық қаласын аралап, талантты ұл-қыздарды іріктеді. Ал бүгін жобаға қатысушылардың өнерін бағалаудың соңғы күні Елордада өтті.

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Қатысушылар мына жақта дайындалып жүр, толқып жүр. Әрине бірегей жобаға қатысудың өзі екінің біріне бұйырмайтын бақ. Онлайн кезеңнен өткендер оффлайн кезеңге өнер көрсетуде. Мұнда адам көп шоғырланбас үшін олардың әрқайсысының ән айтатын уақыты белгіленген. Жалпы елорда қаласы бойынша тек бүгіннің өзінде 130 адам өнер көрсетеді. Солардың бірі дәл қазір сахнада бағын сынап жатыр.

Осыған дейін іріктеу 12 қалада өтті. Нұр-сұлтан бойынша жалпы 300 адам үмітті. Екінші кезеңге өткендердің бірі - Алтынбек Ақниет.

Алтынбек ән айтуды жақсы көреді. Жан сырын осы өнерімен жеткізеді. Бірнеше жыл кәсіби білім алып, өнерін жетілдірген ол байқауда барын салуға ниетті.

Алтынбек Ақниет, жобаға қатысушы:
Жалпы осы конкурстан қатысудың өзі нығмет.  «Қазақстан дауысы» туралы таныстарымнан естідім. Қатысу керек деп шештім. Осы кезеңнен өтсем әрі қарай өзімнің ішкі жан-дүниемді жеткізіп, орындаушылық шеберлігімді арттыруға тырысамын.

Ал Қуаныш болса бұған дейінгі «Қазақстан дауысына»  қатысқан. Бірақ жеңімпаз болмаса да қаймықпады. Тағы да бағын сынап көргісі келеді.

 Қуаныш Шәкіров, жобаға қатысушы:
Әр адамның үміті зор шығар. Ұтылам деп келмейді жобаға. Менің де үмітім бар. Қаншалықты бұйырады, сол жерге дейін басамын. Артыма қарамаймын.

Жобаға ән айтуға икемі бар кез келген адам қатыса алады. Дегенмен оларға қойылатын талап та жоғары. Әуелі онлайн іріктеу, сосын қазылардың алында өнерлерін көрсетеді. Ал нағыз дода «Көрмей тыңдау» деп аталатын негізгі кезеңде басталады. Оған іріктелетін қатысушылардың саны шектеулі.

Аида Тілеухан, «Қазақстан дауысы» жобасының бас продюсері:
Нұр-сСұлтан қаласы осы офлайн іріктеу бойынша соңғы қала. Бірақ 10 маусымға дейін онлайн өтінімдерді қабылдайтын боламыз. Ал офлайн іріктеуге үлгермеген басқа қатысушылар онлайн өтінім жіберсін. Барлығы қаралатын болады.

Ұлттық арна ұйытқы болған «Қазақстан дауысы» жобасына қатысуға онлайн өтінім бергендердің саны жалпы 6000-нан асты. Музыкалық жобаға 26 жастан 59 жасқа дейінгі үмтікерлер қатыса алады. Онлайн іріктеу осы айдың 10-ына дейін жалғасады. Телевизиялық жоба көрермен назарына күзде ұсынылмақ.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу