Алматы облысының Сарыөзек ауылында ондаған жылдар бойы ауыз су мәселесі өте өзекті болып тұр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан елді мекендегі су құбырлары әбден тозған. Жаз басталғалы жағдай тіпті ушыға түсті. Ескірген құбырлар бірінен кейін бірі жарылып, ауылдағы халықтың тең жартысы сусыз қалды. Кербұлақ ауданының орталығына барып қайтқан тілшіміз Қуаныш Қанатұлы толықтырады.
Салтанат Егеубаева суды үнемдеп тұтынуға мәжбүр. Құбыр жарылған көшеге су жеткізу қиындап кеткен. Су таситын көлік келгенде бала-шаға бос ыдыстың бәрін толтырып алуға тырысады. Балалардың кір-қоңын жуу мұң болды дейді көпбалалы ана.
Салтанат Егеубаева, Сарыөзек ауылының тұрғыны:
Жан-жақтан тасимыз. Төрт балам бар. Көпбалалы анамын.
Ал Нұрлан Байғабылов үйіне су жеткізу үшін такси жалдап жүр. Ауылдың ана басына барып өзінің де, көршісінің де ыдыстарын толтырып алды. Тасымалдап ішкен су бір тәулікке ғана жетеді.
Нұрлан Байғабылов, Сарыөзек ауылының тұрғыны:
Таксимен келдім. 2 мың теңге ақшасын төледім. Енді міне суымды алып тұрмын. Үйіме қайтадан барам.
Ауыл тұрғындарына қазір су бірнеше техникамен жетікізіліп жатыр. Бұл жұмысқа әскерилер де, өрт сөндірушілер де араласты. Бірақ мұнымен мәселе шешілмек емес. Жер астындағы құбырлардың кейбірі өткен ғасырдың 40-шы жылдарынан бері жаңартылмаған. Су сору қондырғылары тозып, істен шыққан. Мәселені түбегейлі шешу үшін қомақты қаражат қажет.
Медет Сопбеков, Кербұлақ аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Жобасы әзірленген. Қазір 1 млрд 73 млн қаражат қажет. Оған қажетті бүкіл бюджеттік өтінімдер берілген. Республикалық бюджеттен қазір сол қалай қаражат бөлінеді, қаражаттың бөлінуіне қарап отырмыз.
Қазір темір жолдың астымен 70 метр құбыр тартып, бірнеше көшеге су жіберу жұмыстары қолға алынды. Ал ауылдың тең жартысы ауыз суға жарымай отырса, бір бөлігі сол ауыз сумен бау-бақшаларын суарып әлек. Себебі елді-мекенде арық жүйесі де мүлдем қарастырылмаған.
Қуаныш Қанатұлы