Президент Азия чемпионатында жеңіске жеткен боксшы қыздарды құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Азия чемпионатында жеңіске жеткен боксшы қыздарды құттықтады

31.05.2021

Президент Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатында жеңіске жеткен қазақ елінің боксшы қыздарын құттықтады.

«Құрлықтың мықты спортшылары жиналған бәсекеде қыздар құрамасы ел мерейін асқақтатты. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасалған тамаша тарту» делінген құттықтауда.

Айта кетейік боксшыларымыз 10 салмақта 10 медаль алып жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Дубай аспанында қазақ елінің әнұраны сегіз мәрте шарықтап көк туымыз көтерілді. Құрлықтық додада аруларымыз 8 салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Бір күміс пен бір қола жүлде құрама қоржынында.

Бұған дейінгі өткен құрлықтық додадның жоғары жетістігі жеті алтын. 2005 жылы Үндістан құрамасы қол жеткізген. Енді біздің елдің бұрымды боксшылары 8 алтын медальмен Азия рекордының қаймағын бұзды. Шаршы алаң бәсекесінің шымылдығын түрген 48 келі салмақтағы Алуа Балқыбекова бұған дейін Өзбек қызына кеткен есесін қайтарып, алтыннан алқа тағынды.

51 келі салмақтағы Назым Қызайбай болса, алты дүркін әлем чемпионы, үндістандық Мэри Комді тізі бүктіріп, өзінің спорттық тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанып отыр. 

Сол секілді өз салмақтарында Дина Жоламан, Милана Сафронова, Валентина Хальзова мен Фариза Жолтай және Ләззат Күнгейбайевалар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал Владислава Кухта күміс, Марина Вольнова қола жүлдеге ие болды. Азия чемпионатына қатысқан 18 мемлекеттің ішінен біздің қыздарымыз жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Енді аруларымыз күзде өтетін Қазақстан және Әлем чемпионатына дайындалатын болады.

Телжан Күдеров

Хабарламаларға жазылу