Алматыда 5 жыл ішінде 708 ескі баспананың орнына 683 тұрғын үй салу жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 5 жыл ішінде 708 ескі баспананың орнына 683 тұрғын үй салу жоспарланған

30.05.2021

Алматыда апаттық жағдайдағы және ескірген үйлерді сүріп, орнына жаңасын салу – терминмен айтсақ, реновация басталмақ. 2025 жылға дейінгі бағдарлама ұсынылды. Бұл өзекті мәселе. Тездетіп кірісу керек мәселе. Себебі құлағалы тұрған үйлер өз алдына, ескі үйлердің сейсмикалық тербелестерге төтеп бермейтіні анық.

Реновацияның «пах шіркін!» деп таңдандырмаса да, ақылмен істелгені керек. Бұл ғылыми зерттеліп барып істелуі тиіс шаруа. Бұзған үйлердің орнына салынатын үйлерде сол жерде тұрып келген адамдарға пәтер «түлкібұлаңға» салынбай беріле ме?

Тұрғызылатын үйлердегі пәтер саны артады, демек аудандағы инфрақұрылымдарға шамадан тыс салмақ түседі, ал ол қалай реттеледі? Әлеуметтік нысандар – мектептер, емхана-ауруханалар жеткілікті бола ма? Кептеліс жылжымайтын тығынға айналмай ма? Себебі бір кварталдағы құрылымдық өзгеріс аудан ғана емес, қаланың жол қозғалысын бұзады. Әділ Нұрмақов есімді сарапшы былай дейді: Реновация жүретін екі участокте зерттеу жүргіздік. 5 жылда 700 үйді қамту жоспары бар екен. Бізді алаңдататыны – ол жерлерде алдын-ала кешенді зерттеу жүргізілмеген. Ол участоктардың тұрғындары неге зәру және потенциалы қандай? Үркітетіні – тұрғындармен ешкім сөйлеспеген.

Жазира Оразқызының материалы.

Тозығы жетіп, тұруға жарамсыз ескі үйлер – алып шаһар Алматыдағы ең күрделі мәселенің бірі. Тұрғызылғанына 1 ғасырға жуықтаған баспаналар да бар. 50-60 жыл бұрын бой көтергендер де қираудың аз-ақ алдында тұр.

Қолаңса иіс. Сыз тартып, көгерген қабырғалар. Баспана деуге ауыз бармаса да, бұл жерді балалы-шағалы отбасылар паналап жатыр. Мұнда не жылу, не ыстық су, не кәріз жүйесі жоқ. Ең қиыны – тұрғындар қысы-жазы отын-көмір тасып, пеш жағуға мәжбүр. Себебі күн жылынса да, үйдің іші тастай суық. Мамытхан Тәңірбергенұлы – жалғыз баспанасының бар тауқыметін көріп жүргендердің бірі. Пәтерін осыдан 30 жыл бұрын сатып алыпты. Зейнеткер жаңа қонысым болса деп армандаудан да шаршаған.

Мамытхан Тәңірбергенұлы, қала тұрғыны:
Қыста от жағамыз, суық суға жуынамыз. Біз бір күн болса да, рахат өмір сүрейікші мына ел құсап. Ел деген қалай өмір сүріп жатыр? Біздің де солай өмір сүруге қақымыз бар. Қашанғы біз көмір жаға береміз? Қашанғы суық суға жауратып жуына береміз?

 Іргесі сөгіліп, сырты қырық жамау үй апатты жағдайға жеткен. Тұрғындар кез-келген уақытта қабырғасы опырылып, төбесі ортасына түсе ме деп қорқады. Тіпті, мұндағы жұрт сықырлап, сынуға шақ қалған баспалдаққа мініп-түскен сайын жанын шүберекке түйеді. Балаларымыз құлап кетіп, жазым бола ма деп алаңдаулы.

Людмила Чумакова, қала тұрғыны:
Жағдайымыз жақсарады деген үмітіміз үзіліп барады Мысалы, 2017 жылы газ орнатылады деген қағаз келді. Тек 2019 жылдың соңында мына құбырларды орнатып кетті, бірақ газ сол күйі жоқ. Сарғайып күтуден шаршадық. Егер газ берілмесе, миллондаған ақша шығарып, мына құбырларды не үшін орнатты сонда?

Тұрғындары талай жылдан бері елең-алаң күн кешкен, құлағалы тұрған екіқабатты көне баспананың тағы біріне барып көрдік. Өз үйінен үріккен жұрттың барар жер, басар тауы жоқ.

Жазира Оразқызы, тілші:
Әбден тозығы жеткен үй, ескі көлікке қарап, құдды бір өткен ғасыр туралы фильм түсіріп жатқан кино алаңына түсіп кеткендейсің. Дегенмен, Алматының Түрксіб ауданында орналасқан екі қабатты бұл баспана бір ғасырдың куәсі десек болады. 1929 жылы тұрғызылған бұл үйде 10 отбасы үміт пен үрей құшағында тұрып жатыр.

Өзі екі-ақ қабат баспананың сырты да, кіреберістері де тозған. Қабырғалары үгітіліп, жөндеуге де келмейді. Жауын жауса, шатырынан су кетіп, әсіресе, қарияларды әбігерге салады.

Әбдіжаппар Пархатов, қала тұрғыны:
Өңкей инвалидтер де бар, бәрі бар. Бізге ешқашан ешқандай жәрдем, ешкім ештеңе, жағдайымызды сұрап келген адам жоқ қой. Газ жоқ, жылу жоқ, ештеңе жоқ.  Екі рет өртенді мына үй, маған жарты метр жетпей қалды. Бұрыштағы үй 3 рет па өртенді.

Алматының шет жағындағы ескі үйлерді айтпағанда, қаланың қақ төрінде тұрған баспаналардың да мәселесі шаш етектен. Оған мысал – мегаполистің көрікті әрі орталық аудандарының бірінде 1955 жылы салынған мына үйлер.

Мәдина Төлегенова бұл жерде 50 жылдан астам тұрып келеді. Көршілерімен бірге кіреберісін жыл сайын өз қалталарынан қаржы шығарып, жамап-жасқаудан шаршаған.

Мәдина Төлегенова, қала тұрғыны:
Ақша төлеп, модернизация жасадық. Жасаған түрі үйдің. Былтыр ғана кредитін төлеп, жаптық.
Ерсайын Басығараев, қала тұрғыны:
 Үйлердің уақыты бітті. Біреулерде еден қисық, су ағады, өртке қауіпті. Жаңа үйге көшу керек. Жаңа үйдің аты – жаңа үй.

Сондықтан тұрғындар қалалық реновация бағдарламасына қатысуға ниетті. Жоба бойынша бұл аумақта 2 қабатты 12 үйді бұзып, жаңасын салу жоспарланған.

Бүгінде Алматыда 1929-1970 жылдар аралығында тұрғызылған 1427 ескі үй бар. Оларда 60 мыңнан астам адам тұрады. Ең көбі, яғни, 607 баспана Түрксіб ауданына тиесілі. Тоз-тозы шығып, құлаудың алдында тұрған 280 апатты үй қазір кезең-кезеңімен бұзылып жатыр. Жаңарту бағдарламасы аясында 5 жыл ішінде 708 ескі баспананың орнына 683 тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 458-і – жеке инвестиция есебінен.

Яғни, тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына сәйкес ескі баспаналардың орнында көппәтерлі жаңа тұрғын үй кешендері бой көтереді.

Қанат Әлбеков, «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры:
Құрылыс жүріп жатқанда тұрғындарға уақытша тегін баспана беріледі. Тек коммуналдық қызметтер үшін төлесе жеткілікті. Құрылыс біткесін, «бөлме үшін бөлме» қағидатымен жаңа үйге көшеді.Ол дегеніңіз – мәселен, ескі үйде 1 бөлмеде тұрса, жаңа үйде де 1 бөлмелі пәтер беріледі. Егер одан көп бөлмелі алғысы келсе, өтініш жазып, қосымша ақысын төлеп ала алады.

Әрине, алып шаһардың құрылыс саласына инвестиция тартылып, тұрғындар үшін баспана мәселесінің біртіндеп шешілетіні құптарлық дүние. Дегенмен, жобада барлық қауіп-қатер, кемшін тұстар ескеріліп, алдын-ала кешенді зерттеулер жүргізілуі тиіс, - дейді сәулетші Алина Бейсенова.

Алина Бейсенова, сәулетші: 
Бағдарлама өте жақсы. Әйтсе де, дұрыс әрі сауатты жоспарланбаған жоба кейін зиян тигізуі мүмкін. Мәселен,кейбір апаттық үйлердің орнына тым биік, көпққабатты тұрғын үй кешендерін жыпырлатып салуға болмайды. Тағы бір маңызды нәрсе – қаланың көрікті жерлерін жағалай үй тұрғызып, тым тарылтып жіберуге болмайды. Тұрғындар демалатын орындар да қалуы тиіс. Сол үшін зерттеулер жасалуы қажет.

Негізі 2012 жылдан басталған жобаның қазір қарқыны бәсең. Негізгі кедергі – қызығушылық танытқан инвесторлардың аздығы. Ал тұрғындарды алаңдататыны – баспаналарының жыл санап емес, ай сайын ескіріп, тозып бара жатқаны. Жаңа қонысқа көшу – бұл үйлердегі жұрттың талай жылғы арманы. Десе де, көптің тілегіне көпір болар реновация бағдарламасы қашан қарқын алады? Үмітпен бірге күдік те қылаң еткен сауалдың әзірге жауабы болмай тұр.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу