Түркістан облысында жоғалған туристердің екеуі әлі табылған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жоғалған туристердің екеуі әлі табылған жоқ

30.05.2021

Түркістан облысында тауға шығып, жоғалған туристердің екеуі әлі табылған жоқ. 21 мамыр күні «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағына саяхаттаймыз деп шыққан 7 студент үш күннен соң қайтуды жоспарлаған. Алайда еш хабар болмаған соң туыстары алаңдап, іздеу салады. Төтенше жағдайлар департаменті, полицейлер, ұлттық парк қызметкерлері мен альпинистерден құралған алпысқа жуық адам іздеуге шығады. Тікұшақпен тау бөктерін үш күн шолған құтқарушылар 28 мамырда үш жігітті тапты. Мамандардың айтуынша, олардың жағдайы жақсы. Медициналық көмек қажет емес. Ал кеше екі жігіттің денесі Өгем өзені аумағынан табылды. Мәйіттер тікұшақпен Шымкентке жеткізілген. Олардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Түркістан облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қалған екі адамды іздестіру әлі жалғасып жатыр. Жеті адамның алтауы – Назарбаев университетінің студенттері. Біреуі биыл Кентау қаласында лицейді бітірген. Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Қанат Қарабалаевтың мәліметінше, олар «Сары-айғыр» және «Юбилейный» шыңдарына жаяу бет алған. Сайрам-Өгем ұлттық паркінің өкілі Бақыт Айнабеков саяхатқа шықпас бұрын студенттердің бірі келіп, Сусіңген көліне қарай өтуге рұқсат сұрағанын айтады. Бірақ мамандар ол аумақта қар көшкіні жүруі мүмкін екенін ескертіп, рұқсат бермеген. 

Хабарламаларға жазылу