Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында жаңа еңбек жарық көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген кітаптың тұсаукесері бүгін Сенатта өтті. Жаңа жинақта қандай тың мәліметтер жарияланғанын келесі бейнематериалдан білейік.
Үш томдық жинаққа 1928-1934-ші жылдардағы зобалаңға қатысты тың деректер енгізілген. Олардың көбі бұған дейін еш жерде жарияланбаған және бұрын-соңды айтылмаған. Тіпті, кейбір анықтама мен бұйрықтар осыған дейін құпия мәлімет ретінде сақталып келген.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Басқа мемлекеттің архивтерінде сақталған деректерде кітапқа енгізілді. Соның арқасында бұрын қолға түсіру қиын болып келген бірқатар мәліметтер көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Сондықтан, осы көптомдықты ашаршылық жылдарының хронологиясы деп атауға болады.
Кітапта барлығы 1200-дей құнды құжат бар. Оның 500-ге жуығы жаңадан табылған. Ал, 170-тен астамы Ресей мұрағаттарынан алынды.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жинақтың жауапты редакторы:
Бір ерекшелік, олар бізден бұрын жариялап қойған оны. Голод СССР деген кітап шықты. ФСБ он томдық кітап шығарды. Соның көбісі интернетке салынған. Ал бізде ол әлі күнге дейін құпия болып тұр. Соны қазір ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы комиссия құрып, соларды құпиясыздандыру жұмыстары басталды.
Жинақтағы мәліметтер ашаршылық тұтас халықтың басына түскен үлкен қасірет екенін көрсетеді,-дейді ғалымдар.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Абайдың баласы Тұрағұлдың да жазған өтініштері бар. Байларды қудалау. Мен қазір орта шаруадағы адаммын. Мына бұйрық бойынша 350 малы бар адамдар қуылуы керек. Мен бар жоғы 16-ақ малы бар адаммын дейді. Мен тіпті орта шаруадағы адамға да жатпаймын деген жан айқайы бар.
Жаңа еңбек ғылыми зерттеу институттары мен кітапханаларға таратылмақ. Ал, ғалымдар ашаршылыққа қатысты әлі көптеген құжат зерттелмегенін, сондықтан 4-ші томды әзірлеуге болатынын айтты. Архив құжаттарының бір кітапқа жинақталуы тақырыпты егжей-тегжейлі талдауға зор мүмкіндік береді дейді.
Оңғар Алпысбайұлы, Амангелді Сейітхан