Елімізде екпе салу пункттері көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде екпе салу пункттері көбейді

28.05.2021

Елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, қарапайым тұрғындар тарапынан сұраныс артқан. Мәселен, Қызылорда облысында екпе егу орындары екі есеге көбейді. Аймақтардағы вакциналау барысын Әділбек Серікұлы рет-ретімен жеткізеді.

Сыр өңіріндегі кейбір емдеу мекемелерінде вакциналау кабинеттері түнгі 12-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Бір апта бұрын жеткізілген 10 мың дозаның қазір 60 пайызы қолданылды. Алдағы уақытта жаңа партиясы жеткізілмек. Жалпы аймақта 84 мың адам ерікті түрде екпе алды. Әсіресе, мұғалімдер, медицина және құқық қорғау қызметкерлері белсенді.

 Ал Семейде ірі сауда орталықтарында вакцина салатын орындар жұмыс істей бастады. Ең алғаш болып халық көп шоғарланатын «Ақшың» сауда кешенінде егу пункті құрылды. Мұнда күнделікті келіп-кетушілердің саны 10 мыңнан асады. Сондықтан, тұрғындарға бұл жерде вакцина алу өте қолайлы. Қазір індетке негізінен «Hayat-Vax» вакцинасы салынып жатыр.

Қарағанды облысында халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен сауда үйлері, базарларда жылжымалы егу пунктері жұмыс істеуде. Бүгін шаһардағы «Алтын арба» базарында 50 жуық тұрғын ерікті түрде вакцина алды. Облыс бойынша емханаларда 115 кабинет жұмыс істеп тұр. Бұған қоса барлық шалғай елді мекендерді жылжымалы екпе пунктері аралап жүр. Өңірде 158 мыңнан астам адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған.

Жамбыл облысының дәрі дәрмек қоймаларында вакцинаның 70 мыңнан астам дозасы сақтаулы тұр. Оның 36 мыңнан астамы ресейлік Спутник-V, 16 мыңдайы Хаят Вак екпесі. Ал, қалғаны өңірдің өзінде өндірілген антивирус. Қазір өңірдегі қырықтан астам арнайы орындарда екпе салу жүріп жатыр. Жалпы, аймақта ковидке қарсы екпені жүз мыңнан астам тұрғын алды.

Ержан Жақып, Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу