LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты

28.05.2021

LRT құрылысына бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. 7 азамат бас бостандығынан айырылды. Кімнің қандай жаза алғанын тілшіміз Аманкелді Сейтханнан білейік? Аманкелді, сіз эфирдесіз???

Аманкелді Сейтхан, тілші: 

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT жобасын іске асыру кезінде 5 млрд 8 миллион теңгені талан-таражға салды деген айыппен 7 азаматты бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Олардың әрқайсысы 7-ден 10 жылға дейін жаза арқалады. Атап айтсақ, Елорданың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов 10 жылға, қалалық мәслихаттың экс-депутаты және хатшысы Жанат Нұрпейісов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Astana Innovations АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Әшім мен мердігер компания өкілі Дулат Мусенов 7 жылға сотталды. құрлысқа жауапты серіктестік өкілі Ұлықбек Ачилов пен мердігер компанияның тағы бір өкілі Дәурен Әбдіхамитов және Тимур Қасабаевтар 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қажымұқан Мекемтасұлы, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: 
Қылмыстық топтың басты мақсаты - жобалық сметалық құжаттарды әзірлеуге, консалтингтік қызмет көрсетуге және Astana LRT жобасына техникалық қадағалауға бөлінген қаражатты ұрлау болған. Сондықтан, қылмыстық топқа Астана әкімдігінің, Astana LRT шенеуніктері мен жеке компаниялардың директорлары тартылған.
Аманкелді Сейтхан, тілші: 
Бұл үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Еске салсақ, Мемлекет басшысы былтыр LRT құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырған. Істі тергеу өткен жылдың басында аяқталды. 10-нан астам адамның жауапкершілігі тексерілген. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпараты бойынша, қылмыстық схеманы қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Астана LRT басшысы болған Талғат Ардан шетелдік және қазақстандық компаниялар көмегімен ұйымдастырған. Қазір екеуіне де халықаралық іздеу жарияланған. Талғат Ардан 2014 жылдан 2017 жылға дейін Астана LRT төрағасы болған. Ол ұрлық дерегі анықталғанға дейін елден кетіп қалған.

Аманкелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу