Әлем халқының 5,2 пайызы екпенің екі дозасын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем халқының 5,2 пайызы екпенің екі дозасын алды

28.05.2021

Ресейде коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын халықтың 10 пайызы ғана алған. Алғашқы дозасын салдырғандар саны 17 миллионнан асты. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде ұжымдық иммунитет күзге қарай қалыптасады деген болжам бар. Осыған байланысты өңірлерде екпе салу міндеттеліп жатыр. Дегенмен, мемлекет басшысы оны алу әркімнің өз еркі дейді.

Владимир Путин, Ресей Президенті:
Бұл жайында өз пікірімді тағы қайталап айтамын. Менің ойымша, вакцина алуға міндеттеу дұрыс емес. Азаматтар екпенің қаншалықты маңызды екенін өздері түсіну керек. Вакцина алмаудың салдары адамдарға, әсіресе қарттар үшін қауіпті болуы мүмкін.

Ал АҚШ-тың Калифорния штатында вакцина алғандар арасында 116 жарым миллион долларды құрайтын ұтыс ойнатылып жатыр. 10 жеңімпаздың әр қайсысы 1,5 миллион доллардан алады. Науқанның қарқынын арттыру үшін мұндай лотерея басқа да штаттарда таратылып жатыр.

Жапония төтенше жағдай режимін тағы үш аптаға ұзартты. Елдегі эпидахуал нашарлауына байланысты, шектеу шаралары күшейтіліп жатыр. Дәрігерлер Токиода өтетін Олимпиада ойындары жағдайды ушықтыруы мүмкін деп, жарысты доғаруға шақырды.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу