Сауд Арабиясы қажылыққа бару талаптарын жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сауд Арабиясы қажылыққа бару талаптарын жариялады

27.05.2021

Сауд Арабиясының денсаулық сақтау министрлігі қажылық парызды атқаруға қатысты биылғы талаптарды жариялады. Сапарлаушылар Pfizer-BionTech, AstraZeneca, Johnson&Johnson және Moderna вакциналарының екі дозасын қабылдауы шарт. Екінші компонентін корольдікке барудан 14 тәулік бұрын алуы керек. Сосын оны растайтын анықтаманы Сауд Арабиясының елшіліктерінде заңдастыруы қажет. 72 сағатқа жарамды теріс нәтижелі ПТР-тестін де қоса көрсетеді. Аталған вакциналар Қазақстанда жоқ.

Жанділлә Бекжігітов, ҚМДБ қажылық бөлімінің басшысы:
Ақпарат шыққаннан кейін біздің өкілетті органдар Денсаулық сақтау министрлігіне осы Сауд Арабия талап етіп жатқан вакциналардың бірін Сауд Арабия қажылық министрлігі Қазақстан азаматтарын қажылыққа шақырған жағдайда салғызуға өтініш жасалып жатыр.

Бұған қоса корольдіктің қажылыққа жауапты құзырлы мекемелерімен жұмыс жүріп жатыр. Яғни, қазақстандықтар салдырып жатқан вакцина түрлеріне рұқсат алу көзделіп отыр. Биылғы қажылыққа квота тым аз бөлінді. Әлем бойынша 60 мың адам қасиетті мекенге бара алады. Оның 15 мыңы саудиялықтар. Қалғаны өзге елдерге бөлініп беріледі. Дегенмен, әзірге қандай мемлекеттен қанша адам шақырылатыны жайлы ақпарат жарияланған жоқ. Діни басқарма жұртшылықты туристік компаниялардың қажылық сапар туралы жарнамаларға иланып қалмауға шақырды. Жоғарыдағы талаптар да әлі өзгеруі мүмкін. Сондықтан қосымша ақпарат жариялаймыз,-деп отыр.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу