Ақтөбе облысында өзен арнасы бітеліп, жағасы бүлініп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында өзен арнасы бітеліп, жағасы бүлініп жатыр

26.05.2021

Шошқа фермасынан зардап шеккен Ақтөбе облысы Бестамақ ауылының тұрғындары енді өзен жағасынан құм алып жатқан компания экологияға зор зиян келтіруде деп шағымданды. Ағаштар оталған. Өзеннің арнасы бітеліп қалған. Ал, қазылып, қараусыз қалған орға бірнеше мәрте мал түсіп кеткен. Тіпті, адам да мерт болған, дейді тұрғындар. Тараптар пікірін Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұрын жағалаудың биіктігі осындай болған. Қазіргі күйін өздеріңіз жақсы көріп тұрсыздар. Салдарынан талдардың тамыры далаға шығып қалған. Енді қурап, өліп жатыр.

Жағалаудан ор қазған, қазғанда да зор қазған. Серіктестік бұл жерде үш жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Карьер елді мекеннен бар-жоғы 1-2 шақырым жерде ғана орналасқан. Мұндай ор өзенді бойлай бірнеше тұсынан қазылған. Бірі, тіпті бейіттің дәл қасында. Талы кесіліп, құмы алынған жерлерде ұймалар пайда болған. Ол адам өміріне аса қауіпті.

Қалабай Көздібаев, ауыл тұрғыны:
Тал мен құмды алып кетсе, су да төмен кетеді. Су төмен кетсе әр жерде иірім пайда болады. Мал кете ме, адам кете, ме, міне жақында ғана 11 жасар бала суға кетті.

Серіктестік басшылығы болса, құжаттарымыз түгел, заң аясында жұмыс істеп жатырмыз дегенді алға тартты.

Балтабек Қалыбаев, серіктестік директорының орынбасары:
Қандай құжат керек, менде бәрі бар. Ең аяғы машина жолына дейін рұқсатым бар. Екі карьер бар. Жылына мың, екі мың тоннаға дейін шығарам әрі кеткенде.

Алайда, компанияның талапқа сай жұмыс істемей отырғанын ауыл әкімі мойындады. Өйткені, ереже бойынша қазылған ор бес жылдан кейін толық қалпына келтіріледі. Ал, оған дейін уақытша құммен қоршалуы керек.

Қанат Дәулеталин,  Бестамақ ауылының әкімі:
Біз оларға талап қойдық. Олар жан-жағын құм үйіндісімен ограждение жасайды. Талап арыздар бойынша тиісті орындарға арыз-шағымдар жіберілді.

Қазір бұл істі құзырлы орындар тексеріп жатыр. Нәтижесі хабарланады. Ал ауыл тұрғындары серіктестік өзен жағасын қалпына келтірмей райынан қайтпауға бекінген.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу