Тәуелсіздік алғалы халық саны 21 пайызға артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік алғалы халық саны 21 пайызға артты

25.05.2021

Қазақстандықтардың саны 19 млнға жететін күн алыс емес. Дәлірек айтсақ, соңғы мәліметке сәйкес отандастарымыздың саны 18 млн 940 мыңнан асты. Тәуелсіздік алғалы демографиялық ахуал жақсарып, 30 жылда халық саны 21 пайызға артқан. Раушан Сайлауқызы толығырақ.

Ерболат пен Райхан 10 бала тәрбиелеп отырған отбасы. Үйдің үлкені студент, кенжесі жастан енді ғана асқан. Балалары өнер мен спортта түрлі жетістіктерге жеткен. Әр қайсымыз елдің өркендеуіне үлес қосып, тұлға болып қалыптассақ -дейді.

Райхан Сәйекенова, көп балалы ана: 
Балларың өскеннен кейін рахатын көресің. Балаларың бәрі жақсы. Бірін-бірі ағалап-жағалап жүреді. Құрбыларым бар. Енді 15-ке жеткізсеңші-дейді.

Елімізде көпбалалы отбасылардың саны 440 мыңнан асады. Бала туу көрсеткішінің артуы, көшіп келушілердің көбеюі сияқты факторлар демографияның дамуына тікелей ықпалын тигізді. Әйтсе де бірден емес, 1991 жылдан 2002 жылға дейін елден кетушілер көп болды. Өзге ұлт өкілдері тарихи отанына үдере көшті. Тек жаңа ғасырға аяқ басқанда статистика оң нәтиже көрсетіп, соңғы 20 жылда табиғи өсім артты.

Аяулым Сағынбаева, әлеуметтанушы-демограф:
Ең басты біздің жетістігіміз бұл табиғи өсіміміздің жоғарылауы болып отыр. Нәресте өлімінің төмендеуі өте жақсы көрсеткіш. Медициналық санитарлық жағдайдың жақсаруы, түрлі күтімдер, түрлі жәрдемақылар, бір жасқа дейінгі төлем мұның бәрі қосымша тірек болып отыр.

Халық санын арттыруда ана мен балаға жасалатын қамқорлықтың рөлі зор. Соңғы жылдары нәресте өлімі азайған. Әсіресе, қалалы жерлердегі медицианың дамуы оң ықпал еткен. Қазір халықтың 11 млннан астамы қалада, 7 млннан астамы ауылда тұрады.

Әсем Алдаңғарқызы, Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы: 
1992 жылмен салыстырсақ халық саны 21 пайызға артты. Халықтың табиғи өсімі 20 пайызға артты. Ерлер 48,5 әйелдердің үлесі 51,5 пайызы.

Халық ең көп орналасқан аймақтар көшін Алматы облысы мен Түркістан бастап тұр. Тұрғын саны 2 млннан асады. Туу көрсеткіші үш мегаполисте жоғары. Өсімнің өрге басуына қандастардың елге оралуы да ықпалын тигізді. Егемендік алғалы елге оралған қазақтар саны миллионнан асады.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Елімізде ай сайын, кемі 20 мың сәби, жылына орташа есеппен 265 мың нәресте өмірге келеді. Ал өткен жылы 421 мың нәресте өмір есігін ашып, 33 жылда болмаған статистика елді елең еткізді. Биыл 3 айдың өзінде 100 мың сәби өмірге келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 8,4 пайызға көп. Демек 19 млнға жақындайтын күнде алыс емес.

Раушан Сайлауқызы, Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу