Баянауылда жұмысшылар 8 айдан бері жалақы алмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауылда жұмысшылар 8 айдан бері жалақы алмаған

24.05.2021

Баянауылды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын жұмысшылары 8 айдан бері жалақы алмаған. Себебі, орталық су құбыры қолданысқа екі жыл бұрын тапсырылса да, тариф бекімеген. Сондықтан тұрғындар суды тегін тұтынып келеді. Суға ақы төленбеген соң, осы уақытқа дейін кәсіпкер жұмыскерлерге еңбекақыны өз қалтасынан төлеп, енді шығынға батып отыр.

Керемет Қабдолла қысқа мерзімдік курстан өтіп, сорғы операторы деген мамандық алған. Іле ауыз сумен қамтамасыз ететін кәсіпорынға жұмысқа тұрды. Бірақ бірнеше айдан бері жалақы жоқ. Алашақ ақшасы 600 мың теңгеге жуықтаған.

Керемет Қабдолла, сорғы операторы:
1 жылдай айлығымыз дұрыс болды. Өйткені, осы мекеме жетекшісі уақытында өз қалтасынан беріп отырды. Одан кейін міне басталды ақшаны бермеу. Мысалы, мен уже 8 ай болды айлығымды ала-алмай жүргеніме.

Кәсіпорында қалыптасқан мәселені аудан әкімі де жақсы біледі. Тығырықтан шығар жалғыз жол тарифті бекітіп алып, халықтан ақша жинау- дейді.

Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданының әкімі:
Біз айтамыз сіздер ескі тарифпен жұмыс жасай беріңдер. Біраз жиналады. Олда кәде ғой. Сондықтан енді өздерінікі. Біз қолдан келгенді көмектесеміз. Бірақ жұмыстары көп.

Орталық су құбырын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкердің жұмысшыларына қарызы 8 млн теңгеден асқан. Қол ұшын созады деген жауаптылар аудан мен облыстағы әр мекемеден анықтама жинатып, қағазбастылыққа салып қойды деп налиды.

Ерлан Болдырғанов, кәсіпкер:
Әкімияттың айтуынша 84 теңгеден біз жинамақшы болдық. Бірақ оны есептеген кезде 280 мың теңге, 3 кісінің ғана еңбекақысы шығатын болғандықтан біз отказ бердік. Бір жағынан ол заңға қайшы келетін болды. Артынан бәрібір үкіметтің ақшасын прокуратура тексеретін болғандықтан біз оны қолданған жоқпыз. Ол ұсынысты қабылдаған жоқпыз.

Баянауылда 1450 үй бар. Соның 80 пайызға жуығы ауыз суды орталық магистральдан алады. Түсіру тобы келіп кеткен соң , монополияларды реттеу мекемесі тарифті бекітуге қатысты қоғамдық тыңдау өткізіпті. Бір аптадан кейін судың әр текше метріне төленетін қаржы көлемі белгілі болмақ. Демек, көп ұзамай кәсіпорын жұмысшыларына жалақы беріле бастайды.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу