Халықаралық ұйымдар Минскіге санкция салуды қарастырып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық ұйымдар Минскіге санкция салуды қарастырып жатыр

24.05.2021

Ryanair компаниясы ұшағының Минскіге мәжбүрлі қондырылуына қатысты Польша мен Литваның бас прокуратуралары қылмыстық іс қозғады. Әуе компаниясының басшылығы оқиғаны «мемлекет тарапынан жасалған қарақшылық акті» деп отыр. Еуропа Одағы, АҚШ-пен өзге елдер де Минск әрекетін айыптап, Халықаралық азаматтық авиация ұйымына мүше елдерден дереу жиналыс өткізуді талап етті. Онда беларуске қарсы санкция салу мәселесі қарастырылмақ. Сонымен қатар, бірқатар ел Беларустың әуе кеңістігін қолданудан бас тартып, ұшақтарын тоқтатып жатыр. Олардың бірі – Латвияның AirBaltic компаниясы. Беларусь билігі болса, шара қауіпсіздік мақсатында жасалды деп отыр. Айта кетсек, кеше Ryanair компаниясының ұшағы «бортта бомба болуы мүмкін» деген күдікпен Минскіге шұғыл қонуға мәжбүр болды. Жарылғыш зат табылмады. Алайда жолаушылардың бірі, NEXTA Telegram-каналының бұрынғы редакторы - Роман Протасевич тұтқындалды. Оған былтыр Беларусьте оппозициялық шерулерді ұйымдастырды деген айып тағылған.


Хабарламаларға жазылу