Дүниежүзілік сауда ұйымы әлемде вакцина өндірісін әптараптандыруға шақырды. КСМ: Мұны осы мекеменің басшысы Нгози Оконджо-Ивела Еуропа одағының заң шығарушыларымен өткен кездесуде мәлімдеді. Оның сөзінше, ғаламдық пандемияны тоқтату үшін әсіресе Африка мен Латын Америкасында екпе шығаруды күшейту керек. Айта кетсек, қазір вакцина өндірісінің 80 пайызы Еуропада, Солтүстік Америкада және Оңтүстік Азиядағы 10 елде шоғырланған. Нгозидің сөзінше, әлемнің коронавирусқа қарсы 5 миллиард доза иньекция жасайтын мүмкіндігі бар. Алайда, қауіпті вирустың тарауын шектеу үшін өндірісті 2-3 есеге арттыру қажет.
Ал АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегінше, жер шарында «ковид» диагнозы қойылғандар бүгін 165 милллион 500 мыңнан асып, осы инфекциядан қайтыс болғандар 3 жарым миллионға жақындап қалды. Ал, вакциналанғандардың жалпы саны 1 жарым миллиардтан асқан.
Олардың 1 пайызы ғана Африка елдеріне тиесілі. Себебі құрлыққа жеткізілген аз мөлшердегі екпе тусылып қалған. Сондықтан Еуропа Одағы жыл соңына дейін әлемнің кедей елдеріне вакцинаның 100 миллион дозасын таратып, Африкада екпе шығаратын орталықтар ашуды жоспарлап отыр.