Израиль мен «Хамас» атысты тоқтатуға келісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Израиль мен «Хамас» атысты тоқтатуға келісті

21.05.2021

Израиль мен палестиналық «Хамас» қозғалысы арасындағы атысты тоқтату туралы режим жергілікті уақытпен түнгі сағат 2-де өз күшіне енді. 

Бұл әскери жанжал мамырдың 10-да басталды. Содан бері Газа секторында авиациялық соққылардан 232 палестиналық мерт болды. Қаза тапқандардың ішінде 100 шақты әйел мен бала бар. Израильге сенсек, жан тәсілім еткендердің 150-і – қарулы топтардың мүшелері. Сонымен қатар, анклавта бомбалау операцияларынан 450-дей ғимарат жермен-жексен болып, 70 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетті.

Ымыра Мысырдың арағайындығымен жасалып отыр. Ал, «Хамас» өкілінің сөзінше, қарсы жақ келісімді бұзатын болса, палестиналықтар жаңа тайталасқа дайын.

Израильде «хамастықтардың» зымырандық шабуылдарынан 12 адам жан тәсілім еткен. Сол құрбандардың екеуі – бала.  

Таяу Шығыста 2014 жылдан бергі ең үлкен қарулы қақтығыстардың басталуына Израиль қауіпсіздік күштерінің Рамазан айында Шығыс Иерусалимде палестиналықтардың Тарауық намазына жиналуына кедергі жасауы және еврейлердің араб отбасыларын үйлерінен күшпен көшіру әрекеті себепші. Бұның бәріне ашынған хамастықтар өткен аптаның дүйсенбісінде Израиль қалаларына ракета жаудыруға кіріскені белгілі.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу