Мәскеуде қазақстандық студент қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде қазақстандық студент қайтыс болды

26.02.2019

Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің 5-ші курсында оқып жатқан Темірлан Кірібаев кеше кешке жатақханада асылып тұрған жерінен табылған. Әзірге қайғылы оқиғаның нақты себебі белгісіз. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер істің анық-қанығын зерттеп жатыр.

Ал, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бұл жайтты ерекше бақылауға алып, жан-жақты көмек көрсетуді сұрап, көрші елдің сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдады. Оқиға орнынан Ресейдегі меншікті тілшіміз Нұртас Солтанұлы хабарлайды.

Нұртас Солтанұлы, тілші:

- Мына менің артымдағы ғимарат Ломоносов атындағы ММУ-дың негізгі оқу корпусы. Ал, осы ғимараттың төменгі қабатында студенттерге арналған жатақхана орналасқан. Қазақстандық студент Темірлан Кірібаевтің денесі кеше кешкісін асылып тұрған күйінде дәл осы жатақханадағы бөлмелердің бірінен табылған. Алайда, Темірлан өз-өзіне қол салды ма, жоқ, оның өліміне біреудің қатысы болуы мүмкін бе, әзірге ол жағы белгісіз. Осы оқиғаға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Біз оқиғаның мән-жайын сұрастыру үшін университет басшылығына хабарласқанымызбен, олар қазір тергеу жүріп жатқандықтан, қандай да бір сұхбат беруден бас тартатындарын айтты. Бүгін Темірланның әкесі Мәскеу қаласына ұшып келіп, осы оқу орнының басшылығымен кездесті және осы істі тергеп жатқан құқық қорғау қызметкерлерімен де жолықты. Енді марқұмның денесі сот-медициналық сараптама аяқталған соң, туыстарына беріліп, Қазақстанға жөнелтіледі. Жалпы, Темірлан Кірібаевтың өзі туралы айтар болсақ, ол 1995 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Дәл осы ММУ-дың химия факультетінде 5-ші курста оқып жатқан. Ол Қазақстандағы республикалық олимпиадалардың 3 дүркін жеңімпазы және Дмитрий Менделеев атындағы халықаралық олимпиаданың да жеңімпазы.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу