Батыс Қазақстанда киіктер үшін резерват құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда киіктер үшін резерват құрылады

18.05.2021

Батыс Қазақстанда киіктің тіршілік аясын сақтау үшін «Бөкей ордасы» табиғи мемлекеттік резерваты құрылады. Бұл туралы өңірге Президент тапсырмасымен арнайы барған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты. Бұған дейін, шаруалар киіктен зардап шегіп жатқанын айтып, наразылық білдірген еді. Министр шаруашылық өкілдерімен көзбе-көз кездесіп, мәселенің шешімін айтты. Киікке қатысты шаруалар дауына Үкімет құлақ түрді. Бөкеннің көші-қонын реттеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына үш министрлік пен халықаралық ұйым өкілдері, ғалымдар мен шаруалар кіреді. Ал жалпы ауданы 650 мың гектардан асатын резерват 4 аудан аумағын қамтиды.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: 
Резерват құрылатын болады. Оған президенттің шешімі бар бізде. Жергілікті жерден, ауылдардан кісілерді жұмысқа аламыз. 78 адам жұмысқа алынады. Келесі қадам – осы резерватта су көздерін анықтау. Ол үшін геологтар жұмыс істейді. Қаражат облыстық әкімдіктен бөлінеді.
Киіктің санын реттеудің тағы бір жолы – бір бөлігін Жайықтың оң жағалауына көшіру. Яғни Ақжайық ауданына. Ол үшін жер-судың құрамын мұқият зерттеу керек.
Роман Ященко, ҚР БҒМ зоология иститутының бас директоры, ғалым: 
Бұл мәселені шешуге болады. Өткен қыста үйірдің бір бөлігі Жайықтың оң жағына өз бетімен көшкен. Сол жерде 15 мыңдайы қалған. Егер киік ол аумақты әрі қарай жерсінсе, Үстірт популяциясына да қолдау болады. Ол үшін үш институт – зоология, ботаника, топырақтану мамандарымен кешенді зерттеу жүргізу керек.
Бұл мәселе бүгін Халық медиа алқасында талқыланды. 2013 жылы резерваттың ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға 27 млн теңге жұмсалған.
Айжан Ысқақова, ҚР ПарламентІ Мәжілісінің депутаты: 
Қаражат бөлінді, бірақ жұмыс неге тоқтатылды? Сол мәселені талқыладық. Экология вице-министрі бізге резерват құру үшін бюджеттен 620 млн теңгедей қаражат сұралатынын айтты. Бір айдан соң осы мәселе бойынша қайта есеп бермек. Ортақ шешім табамыз деп ойлаймын.
Ал министр жұмыс тобына шұғыл іске кірісуге 2 апта уақыт берді. Құзырлы органның айтуынша, резерват жылдың аяғына дейін құрылады.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу