Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 164 миллионға жақындап, 3 миллион 400 мыңға жуық адам қайтыс болды. Планета бойынша вакцина алған адамдардың қатары 1 жарым миллиардқа жақындап қалды. Мұны АҚШ-тағы Джонс Хопкинс Университеті хабарлады.
Вирус жұқтырудан бірінші ондыққа құрама Штаттар, Үндістан, Бразилия, Франция, Түркия, Ресей, Ұлыбритания сияқты елдер кірді. Дегенмен, Үндістанда ковид диагнозы қойылғандар азайып келеді. Өткен тәулікте қауіпті індет 281 мың тұрғыннан табылған. Бірақ соңғы 24 сағатта коронавирустан қайтыс болғандар 4 мыңнан төмендемеді. Медициналық сарапшылар Үндістанда пандемия шарықтау шегіне әлі жеткен жоқ деп есептейді. Және бұл елде коронавирус жұқтырғандардың саны ресми мәліметтерден әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Өйткені көптеген елді мекендерде тестілеу жұмыстары дұрыс жүргізілмей жатыр.
Арыстан Рысбек