Ормандағы өрттердің 90 пайызы адами фактордан туындайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ормандағы өрттердің 90 пайызы адами фактордан туындайды

16.05.2021

Орман жеріміздің 5 процентін де құрамайды. Сондықтан орман өрті қатты қапаландыратын жағдай.

Өткен аптаның соңында Риддер маңында болған орман өртінің салдарынан 1 адам көз жұмды. Күйік шалған екі адам реанимацияда жатыр. Жарты күнде 300 гектарға жуық аумақ жанып кетті. Ормандағы өрттердің 90 пайызы адами фактордан туындайды. Ал Орман шаруашылығы әбден қараусыз қалып, азып-тозды, дейді табиғат тақырыбына пікір жазып жүретін Сәкен Ділдахмет есімді азамат.

Жергілікті мемлекеттік органдарға қарайтын 120 орман мекемесі өрт маусымына дайын емес. Материалдық техникалық базасы ескірген, ал әкімдіктер оған мүлдем назар аудармайды, деп жалғастырады ол.

Сонымен бірге Риддерде кезінде авиаотряд бөлімшесі болған. Қазір ұшқыш бар, тікұшақ жоқ. Енді өрт шықса тікұшақ Өскеменнен, әйтеуір басқа жақтан ұшып барады. Сөйтіп өрт ағаштарды ғана жалмап кеткен жоқ, болып көрінуді тағы бір рет жалаңаштап берді.

Шығыс Қазақстандағы меншікті тілшіміз Берік Көшербайдың материалы.

Риддердегі өрт міне осылай басталған. Табиғат аясына шығып, кәуәп пісіргендердің салғырттығынан от тұтанып, құрғақ шөпке тиген. Әу баста өрт екі гектар аумаққа жайылған. Алайда, көп ұзамай ормандағы қылқан жапырақты ағаштар жана бастаған.

Қатты желдің екпінімен қызыл жалын жылдам тарап кетті. Жедел жеткен құтқарушылар қаланың іргесіндегі Лесхоз кентінен кейбір тұрғынды қауіпсіз жерге көшірсе де, бас-аяғы жарты сағатта 31 үй жанып кетті. Баспанасыз қалғандардың бірі - 83 жастағы Лидия Карипова. Үйі кенеттен оттың ортасында қалғанда қайда қашарын білмей қатты сасқан.

Лидия Карипова, Лесхоз кентінің тұрғыны: 
Бірінші кезекте жеке куәлігімді алдым. Одан кейінгі әрекетіме қазір не күлерімді, не жыларымды білмей тұрмын. 

Бет қаратпас жалын жолындағыны түгел жайпаған. 5 автокөлік отқа оранды. Алаңсыз отырған тұрғындар бір күнде қопсыған күлдің ортасында қалды.

Берік Көшербай, тілші: 
Бұл жердегі жалынның қатты болғаны соншалық әп-сәтте міне осындай кірпіштен салынған үлкен үйлер де түгел жанып кеткен. Қасындағы қора-қопсы, ішіндегі дүние-мүлік те күлге айналған. Бұл үйдің иесі қартайған шағыма деп біраз қаражат жинап жүрген екен және ақшаны шыны банкіге салып, еденнің астына тығып қойыпты. Бірақ сол 350 мың теңгеден бүгінде қалғаны осы ғана.

 Өрт салдарынан 73 жастағы зейнеткер қайтыс болды. Тағы екі адамды күйік шалып, Риддердегі аурухананың реанимация бөлімшесіне түскен. Ал аман қалғандар сол қорқынышты сәттерді ұмыта алмай жүр.

Вера Герасимова, Лесхоз кентінің тұрғыны: 
Айналаның бәрі түтін болып кетті. Маған бір жас бала көмектесіп, жолға қарай алып шықты. Күйеуімді сол түтіннің ішінде жоғалтып алдым. Кейін ол аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр деп хабарласты. Ал қайтыс болған әйел менің апайым болған. Денсаулығы нашар еді, сондықтан үйдің қасындағы дөңге шыға алмай, сол жерде жанып кетті.

Өртеніп кеткен үйлердегі 72 адамның жартысынан көбі қазір туған туыстың үйінде. Ал 13 адам қаладағы қонақ үйлер мен сауықтыру орталығына орналастырылған.Өңірдегі сөндірушілердің еңбегін атап өту керек. Адамдарды құтқару үшін және өрт Риддер қаласына ойыспау үшін өңірдегі төтенше жағдайлар қызметі бүкіл күшін Лесхоз кентіне жұмылдырды.

 Айбек Даумов,   өрт сөндіруші: 
Біраз үйді алып қалдық. Негізгі күшті соларға жұмсадық. Өйткені қалған үйлердің шатыры жанып кетті. Содан күштің бәрін жанбаған үйлерге салдық.
Берік Көшербай, тілші: 
Риддердегі өртті сөндіруге екі тікұшақ та қолданылды. МИ-8, яғни үлкен тікұшақпен, су тасыды. Ал мына кішкентай тікұшақтың көмегімен құтқарушылар мен қажетті заттарды тиісті жерге жылдам жеткізіп, жоғарыдан жалпы жағдайды бақылап отырған.

Еліміздегі орманды алқапты қорғау ісіне авиация күштерін қолдану өрт қаупі аса жоғары Шығыс Қазақстан, Павлодар және Семейде сонау 1948 жылы басталған. Қазір «Қазавиаорманқорғау» деп аталатын мекеменің авиа жасағы Риддерде де бар. Бірақ, парадокс - соңғы 2 жылдан бері мұндағы 3 өрт сөндіруші-десантшыда ұшатын техника жоқ. Қаражат тапшы дейді. Ал қысылтаяң сәтте өртті басу үшін екі тікұшақ Өскеменнен жіберілген.

Андрей Коншу, Қазавиаорманқорғау РМҚК ШҚО бойынша бөлімше командирі: 
Риддерде міне, осындай МИ-2 тікұшағы болған. Қазір барлығы мемлекеттік сатып алуға байланысты ғой. Былтыр сол өңірдегі орманды әуеден бақылау үшін ұшуға 90 сағат берілген. Тендерге ешкім қатыспай қойды. Ал биыл 52 сағат. Авиакәсіпорынға ол жақта әуе кемесін ұстау тиімсіз, себебі ұшуға берілетін сағат өте аз.

Орманды көктен емес, жерде жүріп қорғауға тиіс мамандардың да жағдайы мәз емес. Материалдық техникалық база нашар, жалақы мардымсыз. Орман шаруашылықтары соңғы 20 жылдан бері аймақтағы әкімдіктерге қарайды. Жергілікті бюджетттен бөлінетін ақша олардың шаруасын шешуге жетпейді. Ал Шығыс өңірі үшін орманшылардың маңызы өте зор. Өйткені, еліміздегі қылқан жапырақты ағаштардың 80-90 пайызы осы өлкеде өседі. Бірақ, сол қарағайлы алқап өрттен көз ашпай, жыл сайын жүздеген гектар жанып кетеді. 2006 жылы Бесқарағай ауданында ормандағы Беген ауылы оттың ортасында қалғанда 5 адам мерт болып, 92 үй күлге айналған еді.

Сәкен Ділдахмет, эколог:
2000 жылдардың басында орман шаруашылығы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын. Сол кезде министрліктің қарамағында болған 120 орман шаруашылық мекемесін жергілікті әкімдіктерге беріп жіберді. Бүгінгі күні көріп отырмыз, олардың материалдық-техникалық базасы нашар, мемлекеттік орман қорындағы жұмыстар, ағаш егу жұмыстары жоғары деңгейде өтіп жатқан жоқ. Бұл бүгінде өзекті мәселе болды, яғни 120 орман шаруашылығы мекемесін қайтадан Экология министрілігіне тиесілі Орман шаруашылығы комитетіне қайтару керек.

Риддердегі өртке байланысты төтенше жағдай жарияланды. Өрттің шығуына қатысы бар деп шағын шаһардың 35 жастағы тұрғыны күдікті ретінде ұсталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Жанып кеткен үйлер Президеттің тапсырмасы бойынша мемлекет есебінен салынады. Үй-күйсіз қалған әрбір отбасыға Риддердегі тау-кен комбинаты 1 миллион теңгеден көмек бермек. Облыста арнайы қор құрылып, қазір шағын шаһарға жан-жақтан гуманитарлық көмек келіп жатыр. Арнайы комиссия алапат өрттен келген шығынды есептей бастады.

Даниал Ахметов, облыс әкімі:
3 айдың ішінде біз тамаша жаңа үй салып береміз. Арнайы қор ашылды, оған біздің барлық жерлестеріміз көмектеседі. Біз жерлестерімізді жалғыз қалдырмаймыз.

Ал өрт кезінде зардап шеккен екі адам бірер күн бұрын санитарлық авиациямен Өскеменге жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, денесінің 80 пайызы күйік шалған 72 жастағы қарияның жағдайы өте ауыр.


Хабарламаларға жазылу