Елімізде синтетикалық есірткі қаупі күшейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде синтетикалық есірткі қаупі күшейіп барады

16.05.2021

Сәуір айының соңында Алматы полициясы жастар арасында танымал Mad Men тобының екі мүшесін қамағанын хабарлаған. Олар нарко-қылмыс істеп жүр деген күдікке ілінгендермен бірге ұсталған. Есірткі құралдары мен психотропты заттар, олардың баламасын дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау айыптары тағылып отыр.

Есірткі дегенде, синтетикалық есірткі қаупі күшейіп барады. Оларды қазақстандықтар да жасайды. Несіне күлбелейтелейміз, жоқ қылып жіберу мүмкін емес... Ал ауыздықтау перспективкасы бар ма? Азамат Алдоңғар таразылап көрді.

Эстонияның Нарва қаласындағы екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің, оған эстон халқының да қатысы болғанының символы іспетті кеңестік Т34 танкінің бүйірінде пайда болған жазудан ескерткішті күтушілердің төбе шашы тік тұрды. «Амфетаминдік соғыстың құрбандарына арналады» деген жазуды олар аруақты қорлау деп түсініп, вандалдарды шұғыл іздеуге кірісті. Бұзақылыққа қатысты қоғамның пікірі екіге бөлінді. Аға буын жазу авторларын айыптаса, жастар – шығыны қан майданнан кем түспейтін синтетикалық соғысқа назар аудару керек, бұл қоғамның жанайқайы десті. Мамандар синтетикалық есірткілердің посткеңестік елдерде таралуын 21 ғасырдың трагедиясы болады деп болжайды. Ал Қазақстанда синтетикалық соғыстың құрбандары көп пе?

Асқар:
Мен 24 жаста едім. Автосалонда орта деңгейлі менеджер болдым. Жеке көлігім бар, баспанам бар, үйленемін деген қызым болатын. Өмірімде есірткі пайда болғаннан кейін құндылықтар өзгерді. Жұмыс жайына қалды, айналаммен қарым қатынасым үзілді. Оның орнына паранойя, депрессияға түсіп, қарыздар пайда болды. Үйімнен, көлігімнен, не бар - барлығынан айырылдым.

Синтетикалық нашақорлардың психологиялық портртеті – табысы орташа немесе орта деңгейден жоғары, жоғары білімді, табысты азаматтар...Бірақ «болған» деген тіркеспен қоса айтылады. Себебі есірткіге әуестіктің пайда болуымен бұрынғы өмірдің көлеңкесі де қалмайды. Әуестікпен бірге өмір-бақи емделмейтін ауру қоса келеді.

Нұрлан Тұрсынбеков, психолог, оңалту орталығының жетекшісі:
Синтетикалық есірткіден қос диагноз бірден пайда болады. Бірінші диагноз наркогенді, екіншісі психиатриялық диагноз. Егер де уақытылы ем, іс-шара қолданбаса бер жағы адамның өмір бақи психиатриялық учетта тұруы, яғни бұл адамдар толыққанды қоғамға қосыла алмайды. Ол ауру адам. Екіншіден қазіргі күнде бәрімізге мәлім айдан анық мәлімет, бұл суицидке апаратын нәрсе.

Бұл Алматының қақ ортасында наркодилерлерді ұстау операциясы. Жер бауырлап жатқандар мыңдаған фанаты бар белгілі кью-поп музыканттар. Оларға синтетикалық есірткіні жасап, сатты деген айып тағылды. Қазақстан химиялық есірткінің наркотрафигі жолындағы мемлекеттен өндіруші мемлекетке айналып отыр. Мамандар елімізде есірткіні романтизациялау медия арқылы қарқынды жүріп жатқанын айтады.

Александр Рущук, Гештальт, терапевт, оңалту орталығының жетекші маманы:
Ол фильмдерде де бар, музыка арқылы да насихатталып жатыр. Бұның екі түрлі себебі бар. Біріншісі насихаттаушылардың өздері оны тұтынса, екіншісі сырттан қаржыландырылады. Бір кездегі алкогольдің жарнамасы тәрізді.
Нұрлан Тұрсынбеков, психолог, оңалту орталығының жетекшісі:
 Бүгінгі күні ата-аналар 12-13 жасар қыздарды әкеліп жатыр. Кеше ғана ойыншық ойнап жүрген балалар, бүгін есірткі қабылдайды. Менің сұрағыма сен не үшін бұны қабылдайсың десем бұл тренд, бұл сән дейді.

Келесі кейіпкеріміздің синтетикамен таныстығы жеңіл саналатын шөптік есерткілерге әуестігінен басталған. Кезекті рет үйреншікті есірткісін таба алмағанда наркодилер тосын ұсыныс жасайды.

Данияр:
Мына есірткіні көр, мен саған бір рет тіпті тегін беремін деді. Нашақор үшін тегін ләззаттан артық не бар? Көрдім. Дилер кейін менен сауалнама алады - ұнады ма, ұнаған жоқ па деп. Бұндай маркетинг кей үлкен компаниялардың өзінде жоқ. Ұнамаса басқасын ұсынуға дайын.

Наркологтар да, олардың пациенттері де синтетикалық есірткіге тәуелділік алғаш тұтынғаннан-ақ пайда болатынын айтады. Адамзат бұрын-соңғы бұндай «тажал» уды татып көрмеген. Себебі оны шексең де, ексең де, иіскесең де әутеуір бір жолмен ағзаға түссе болғаны. Құрт болып кірген кесел адамды іштен әбден жеп тауыспай қоймайды. Бұндай адамды құтқармаса ақыры анық. Өлім.

Данияр:
Бұл бәлекеттен құтыла алмайтынымды іштей мойындап қойдым. Соңғы ой – «алтын доза» болды. Бұл өлімге алып келетін соңғы екпе. Менің бірнеше тырнақша ішіндегі достарым осылай өз-өздерін өлтірді. Бірақ соңғы сәтте қайдан екенін білмеймін, олардың жаназасына ешкімнің келмегені, соңынан бірде-бір «жақсы адам еді» деген жылы сөз айтылмағаны, тек жылап қалған ата-аналарының бейнесі ойыма оралды. Себебі мен оны өз көзіммен көрдім.

Жастардың шырпыдай лап етіп жанып кетіп жатқанын ресми статистика да растап отыр. Осы жылдың алғашқы үш айында ғана 834 суицид жасалған. Көпшілігі 30 бен 40-тың арасындағы азаматтар. Оның себебін анықтауға тырысқан тергеушілер жетпіс жағдайда азаматтар әлеуметтік-тұрмыстық ауыртпашылықтарға шыдамады десе, 253-нің себебі белгісіз, 511-інде басқа жағдайлар болды деп жылы жабады. БЕЗ ГЕО Наркологтар белгісіздіктің артында ап-айқын себептер барын айтады. Бірақ оларды мойындау құқық қорғау органдарының жұп-жұмыр статистикасын бүлдіруі мүмкін. Кейіпкеріміздің келесі әңгімесі есірткімен күрестің елімізде қалай жүргізілетінінің бір көрінісі.

Асқар:
Менің есірткі сатумен айналысатын танысым болды. Мен оған есірткі жасыруға көмектестім. Бір күні бізді полиция ұстап алды. Есірткімізді алып қойды, босатуы үшін оған пара бердік. Кейін бізбен бірге есірткі тұтынушының сол полицейлерден тарату үшін үлкен мөлшерде есірткі алғанын білдік. Дилер полицияның қамқорлық етуімен есірткі сатады, табысымен бөліседі. Қазір жағдай өзгере қойды деп ойламаймын.

Есірткімен күрес қалай жүріп жатыр, мэссенджерлер арқылы жасалатын саудаға тосқауыл болуы тиіс кибержасақтың жұмысын көрсетейік деп елорданың Ішкі істер департаментіне ресми хат жолдадық. Апта соңында мемлекеттік органның баспасөз қызметшісі хат бойынша жауап дайындауды ұмытып кеттіппіз, енді үлгермейміз дегендей жауап қатты.

Данияр:
Мен басыма тілеп алған қасіретімді анамның жүрегіне әйтеуір жеткізе алдым. Себебі өмірім қыл үстінде еді. Анам соңғы мүмкіндік берді. Мен де оны түсіндім, себебі біраз уақыт сенделіп, барарға жер таппай үйге келгенімде анам есіктің құлпын өзгертіп тастағанын көрдім. Соңғы рет үйден кеткенімде анам менен бас тартқан. Бұл соңғы қоңырау еді. Мен сенің еміңе бір тиын да бермеймін, өз-өзіңді құтқар деген шарт қойды. Бойымда қалған соңғы тамшы намысым мен күшімді жинап күресуге талпындым. Жас кезімде нашақорды көрсең аяма деп ұрушы едік аулада. Енді міне, өзім кезінде адам құрлы көрмеген нашақормын... Ең қиыны осыны мойындау. Нашақор екенімді мойындағанда ғана өзгерістер басталды.
Александр Рущук, Гештальт-терапевт, оңалту орталығының жетекші маманы:
Емнің нәтижелілігі үшжақты альянстың нәтижелілігіне байланысты. Нашақордың әдетін қайта бастап кетуіне 50 процент жағдайда отбасының мамандардың кеңесін орындамауынан болады. Қалған 50 процент бізден және емделушінің өзіне байланысты. Сонымен қатар оңалтудың толық 3 курсын өту маңызды.
Нұрлан Тұрсынбеков, Психолог, оңалту орталығының жетекшісі:
Анасы келіп 13 жасар баланы алып келді. Әкесі біледі ме десек, жоқ әкесі білмейді. Әкесі білсе ұрады деп анасы әкесіне де айтпайды. Бұл мәселеде олай ұялу қажет емес. Кейін екінші мәселе мектептерде, ол айдай анық белгілі нәрсе. Наркотик жүр, көп балалар біледі. Бірақ мектеп басшылары өзінің атын қорғап па, атына кір тимесін деп сол фактілерді жасырады.
Азамат Алдоңғар, тілші:
Синтетикалық нашақорлықтың бар проблемасын бір сюжетке сыйдыру мүмкін емес. Ең негізгі дегендерін тізіп көрейік. Әуелгісі жастардың өмірін жалмап ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған есірткінің еркін саудасы. Құзырлы органдар телеграм каналдар мен саңырауқұлақша көбейетін сайттарды қадағалау қиын дегеннен басқа жауап таппай отыр әзірге. Ақпараттандырудың аздығы. Оған мүдделі болуы тиіс мемлекеттік органдардың «ресми хат жазыңдар, көрейік» деп журналистердің жұмысын қиындатып, есігін тарс жабуы дәлел. Оңалту орталықтарының проблемасы бір төбе. Елордада мемлекеттікпен қосқанда үш ақ клиника бар дейді мамандар. Жекеменшіктің емі арзан емесі белгілі. Ал мемлекеттің тегін ауруханасында емделушіні тіркеуге алады, «нашақор» деген айдар тағады. Өрімдей жас, оның жақындары бұндай әлеуметтік статусты иеленгісі келмейді. Сондықтан ақшасы барлар жекеменшік клиникада емделеді, ақшасы жоқтар...Жоқ, біз бұндай оқиғалардың «хэппи эндпен» аяқталуы мүмкін екеніне сенгіміз келеді. Бірақ шынайы өмірде...


Хабарламаларға жазылу