1 млн-ға жуық адам медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеген, әрі жүйеге тіркелмеген. Баспасөз алаңында есеп берген қор басшысы Болат Төкежанов осылай деді. Тағы 2 млндай адамның жарнаны тұрақты төлемейтіні айтылды. Осылайша өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмысы жоқ 3 млн тұрғын тегін медициналық көмектен қағылып отыр.. Мұның соңы ауруды ерте анықтау мен тегін медициналық көмекті алуға кедергі келтіреді, дейді мамандар. Сондықтан олар аз ақша төлеп, қымбат медициналық көмекті тегін алуға болатынын тағы бір еске салды.
Болат Төкежанов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы:
МӘМС жүйесінен тыс қалғандарды, олардың қатысушысы болуға шақырамын. Сақтандырылған азаматтар МӘМСпакетінің кең спектрде қол жеткізе алады. Жылына 25000 теңге төлеп, одан қымбат медициналық көмекті тегін алуға болады.
Сондай-ақ биыл қор есебінен 526 анаға экстракорпоральды ұрықтандыру жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. Мәселен, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында 59 жасанды ұрықтандыру жүзеге асқан. Биыл медициналық сақтандыру Қоры тағы 7000 ұрықтандыру процедурасын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Бұл Президент пәрменімен жүзеге асып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасының жемісі.
Раушан Сайлауқызы