Ертістің үстімен өтетін қос көпір апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертістің үстімен өтетін қос көпір апатты жағдайда тұр

05.05.2021

Семейде Ертіс арқылы өтетін екі көпірдің де жағдайы сын көтермейді. 1964 жылы қолданысқа берілген ескі өткел әбден тозып тұр. 20 жыл бұрын салынған аспалы көпірдің де қандай күйде екендігі беймәлім. Салынғалы тиісті техникалық күтім жасалмаған өткелдің үсті шұрық тесікке айналған. Бірнеше мемлекетті байланыстырып тұрған стратегиялық маңызы бар нысандардың жағдайын өңірдегі тілшіміз Ержан Жақып баяндасын.

Ержан Жақып, тілші:
Жарты ғасырдан бері қызмет етіп келе жатқан бұл көпір, қазір қалт-құлт етіп әрең тұр. Жылда жамап-жасқайды. Бірақ, ескінің аты ескі. Қазір апатты жағдайда. Бетондары іріп, мынандай жақтаулары әбден шіріп кеткен. Тұрғындар бір күні құлайды ма-деп қорқады.

Көпірдің тозғандығы соншалық, саңылаулардан жер көрінеді. Көліктер бірнеше рет ескі жақтауларды бұзып өзенге түсіп те кеткен. Соңғы рет осындай жағдай өткен жылы болды. Биіктен Ертіске құлаған көліктің жүргізушісі, оқиға орнында көз жұмған.

Жақсыбек Қабдиұлы, көлік жүргізуші: 
Ертең біреудің обалына қалмай, көпірді жауып тастаған дұрыс. Әйтпесе ертең қиын болады. Қаншама көліктер өтіп жатыр. Шұрық-шұрық тесік.

Көлікті айтпағанда, жаяу жүрудің өзі қауіпті-дейді тұрғындар.

 Бақытгүл Асылханова, қала тұрғыны: 
Іріп тұр, шіріп тұр. Қауіпті кейде. Жүргенде қорқасың.

Апатты жағдайдағы көпірді мамандар тексерген. Нәтижесінде тіреулеріне дейін тозғандығы анықталған. Одан көліктің өтуі қазір өте қауіпті-екендігін мойындап отыр.

Нұрымбет Сақтағанов, қала әкімі:
Бұл көпірдің жүк көтеру мүмкіндігінің азайғандығын көрсетті. Соған сәйкес шешім қабылданды. Бұл ескі көпірдің қасынан, жаңа көпір салынады. Төрт жолақты.

Көпір құрылысына 31 миллиард теңге қаржы бөлу жоспарланған. Құрылыс биыл не келер жылы басталмақ. Ескі көпір жаяу жүргіншілер мен велосипед үшін әзірге жарамды деп танылған. Ал аспалы көпірге жапондық мамандар техникалық сараптама жасап жатқан көрінеді.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу