Сыр өңірінде Тәжібаев ауылының тұрғындары күнделікті апатты көпірдің үстімен өтуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде Тәжібаев ауылының тұрғындары күнделікті апатты көпірдің үстімен өтуге мәжбүр

15.04.2021

Сыр өңірінде Тәжібаев ауылының тұрғындары күнделікті апатты көпірдің үстімен өтуге мәжбүр. Жарты ғасыр бұрын салынған өткелдің іргесі былтыр сыр беріп, қазір бір жақ беті жарамсыз күйде тұр. Ауылдағы ағайынның базынасын өңірдегі тілшіміз Әділбек Серікұлы тыңдап қайтты.

Әділбек Серікұлы, тілші: 
Тәжібаев ауылына апаратын көпірдің қазіргі сиқы мынау. Бетон бағаналары мүжіліп, опырылып құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Егер өткел істен шықса, 1,5 мыңға жуық тұрғынның аудан орталығына қатынауы мұңға айналады.

Темір тұлпар тізгіндеген тұрғындар бұл көпірден күніне сан мәрте өтеді. Өйткені, ауылға баратын төте жол осы. Тар көпірде екі көлік қатар келіп, соқтығысқан жағдайлар да болған.

Оралжан Жақапов, ауыл тұрғыны:
Екі машина қатар келгенде қиын болып қалады. Авариялық ситуациялар да болып жатыр. Ертерек істесе. Күнделікті жұмысқа қатынаймыз. Бізге арғы жақпен айналу қиын. Жолы да нашар.

Ал арғы бетте бір емес, екі ауыл бар. Тұрғындар үшін аудан орталығына осы көпірмен қатынаған тиімді. Әзірге, каналда су жоқ. Бірақ, егін науқанында бағаналары қисайып, әрең тұрған өткелді су шайып кетпесіне кім кепіл?!

Халықберген Тұрсынбетов, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Енді 1-1,5 айдан кейін су көтеріледі. Ол кезде мұны жөндеу мүмкін болмай қалады. Соны ертерек су келмей тұрған кезде қолға алса дейміз.

Ал салаға жауапты басқарма мұндай жағдай тек Тәжібаев ауылында ғана емес деп отыр. Биыл жоспарға сәйкес, аймақта бұл бағытта 5 жоба қаржыландырылған.

Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Оған биыл облыстық бюджеттен немесе республикалық бюджеттен алған жағдайда жұмысын бастайтын боламыз. Негізі биылға жасалып жатқан авариялық көпірлер деп танылған 5 жобаны бітіруге жұмыс жасап жатырмыз.

Жалпы аймақта 150-ге жуық көпір болса, дені 50-60 жыл бұрын салынған. Қазір тең жартысының тозығы жетіп тұр. Сараптама қорытындысымен апатты жағдайда деп танылған 23 өткел қайта жаңғыртуды қажет етеді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу