Қазақстанда 1 млн-нан астам абонент коммуналдық төлемдер үшін мемлекеттен жеңілдік ала алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 1 млн-нан астам абонент коммуналдық төлемдер үшін мемлекеттен жеңілдік ала алады

04.05.2021

Қазақстанда 1 миллионнан астам абонент коммуналдық төлемдер үшін мемлекеттен жеңілдік ала алады. Бірақ халықтың басым бөлігі бұл жайлы біле бермейді. Энергетика вице-министрі брифинг барысында осылай деп мәлімдеді. Тілшіміз субсидияны қандай отбасылар және қандай көлемде ала алатынын зерттеп көрген еді.

Көпбалалы ана Маржан Әбсаттарова бала күтімімен үйде отыр. Жолдасы ғана жұмыс істейді. Әлеуметтік желіде коммуналдық шығынды қайтарып алуға болатынын оқып, құжаттарын тапсырған. 3 айда бір рет мемлекеттен көмек алады.

Маржан Әбсаттарова, көп балалы ана:
Енді жаздың күні аз шығады ғой.  Ол кезде 11 мың теңгедей шығарып берген.  Қыста көбірек төлейміз. 

Дегенмен, қазақстандықтардың басым бөлігі мұндай көмектің бар екенін білмейді. Қос бірдей министрліктің зерттеу нәтижесі осыны көрсеткен.

Қайрат Рахимов, ҚР Энергетика вице-министрі: 
2019 жылы 54 мың отбасы өтініш берген. Өткен жылы 36 мың отбасынан аспады. Біз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп зерттеу жүргізгенбіз. Қазір еліміз бойынша осындай көмекті ала алатындардың саны 1 миллионнан асады.

Коммуналдық төлемге көрсетілетін көмек әр қалада әр түрлі тағайындалады. Отбасының жан басына шаққандағы табысы ескеріледі. Былайша айтқанда әр үйге шекті лимит қойылады. Коммуналдық төлемнің сол лимитен асып кеткен бөлігі мемлекет есебінен жабылады.

Нұргүл Жүдібаева, Есіл ауданы әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау бөлімінің басшысы:
Көмек негізі жеке меншігінде 1 үйі бар кісілерге  тағайындалады. Бұл жерде өтініш берушілер әрине көп. Бірақ ол аз қамтылған отбасылардың көбісі жалдамалы үйлерде тұрады.

Ал басында баспанасы жоқтар бұл талапқа наразы. Жанар Сманова 5 баланы жалғыз асырап отыр. Жұмыссыз. Айына 40 мыңнан сәл көп жәрдемақы алады. Бұл ақша түгелдей пәтер жалдауға кетеді дейді ол.

Жанар бес баланың тамағы мен күнделікті шығындарды өтеу үшін үйде отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Кәдесыйлар істеп сатады. Алайда мұндай бұйымдар көбінесе мереке қарсаңында ғана өтеді екен. Сондықтан көмек шын мұқтаждарға жетуі үшін жалдамалы пәтерде тұратындарға да субсидия берілсе деген тілегін айтты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу