Соңғы үш жылда есірткіге тәуелді жастардың қатары 3 есеге артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы үш жылда есірткіге тәуелді жастардың қатары 3 есеге артқан

04.05.2021

Соңғы үш жылда есірткіге тәуелді жастардың қатары 3 есеге артқан. Адам шошырлық статистиканы республикалық психикалық денсаулық орталығы беріп отыр. Мамандар бұған басты себеп - өрімдей ұл-қыздардың синтетикалық заттарға тым әуестігі дейді. Бір ғана Алматының өзінде жыл басынан бері есірткі саудасы бойынша 250 қылмыстық іс қозғалған.

Атын атап, жүзін көрсетуден қымсынған кейіпкеріміз үш жыл қатарынан синтетикалық есірткіні тасымалдап келген. Жеңіл ақша табамын деп жүргенде, өзі де есірткінің құрығына ілінді. Кесірінен денсаулығы сыр берген.

Кейіпкер:
Біз әр жеткізген тауар үшін 1500-2000 теңгеден алып жүрдім. Ол көбінесе телеграмм бағдарламасы арқылы іске асатын. Көбінесе қараңғы камера жоқ жерлерде жасырып кететінбіз. Атқарған жұмысымыз үшін ақшасын бірден алатынбыз. 

Жас жігіт қазір өткеннен сабақ алып, есірткіден түбегейлі бас тартқан. Әйтсе де, оңалту орталықтарының дәрігерлері жастар арасында нашақорлық көбейгенін айтады.

Мәди Тоқанов, Республикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері:
Ресми дерек бойынша психикалық денсаулық орталықтарына Қазақстан бойынша 2018 жылы 147 науқас тіркелген, 2019 жылы 325, 2020 жылы 449 науқас ресми түрде тіркелген.

Бұл жастар арасында танымал «Мэд Мен» тобының әншілері. Оларға «синтетикалық заттарды дайындады, таратты» деген айып тағылып отыр. Егер сот кінәлі деп таныса, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Меруерт Мырзахметова, жоғары дәрежелі дәрігер-нарколог:
Синтетикалық наркотиктер қазір бізде бірінші орынға шығып жатыр. Бірінші орында Меф деген бифедрон және скорость деген синтетикалық наркотикті жастарымыз қолданып жатыр. 

Жыл басынан бері синтетикалық есірткілерді дайындайтын төрт зертхана анықталды. Полиция департаментінің мәліметінше, қолға түсіп, істі болғандардың басым бөлігі - жастар.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Бұрын соңды жарнама бойынша үйдің қабырғаларына жарнамалап қою бұл заңға қайшы болмайтын. 2020 жылдың қаңтар айынан ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.  Сондықтан осындай жеңіл жұмысқа келісе береді.

Десе де, оңай олжаға кенелушілердің әккі әрекеті ұзаққа бармайды. Қазір синтетикалық есірткі саудасына қатысты заң қатал. Сарапшылар бұл мәселені мемлекет түбегейлі қолға алмаса, сұмдық статистика жыл сайын еселеп артуы мүмкін дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу