Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцина алушылар саны тәулігіне 12 есеге артты - ДСМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда КВИ-ға қарсы вакцина алушылар саны тәулігіне 12 есеге артты - ДСМ

04.05.2021
Елімізде коронавирусқа шалдығу көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Мәселен, соңғы 3 аптада науқастану көрсеткіші өзгеріссіз болғанмен, өткен аптада вирус жұқтыру 2 пайызға төмендеген. 
Дарын Сағитов тілші:
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, елімізде 1,5 млн-ға жуық адам вакцина алды. Науқан басталғалы шамамен 1,8 млн доза вакцина қолданылды. Вакцина ең көп салдырған қалалар арасында Алматы көш бастап тұр. Ал өңірлер арасында Алматы облысы тұр. Айта кету керек қазір елде Спутник V, QazVaq, Hayat-Vaх екпелері қолжетімді.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Халықты вакцинациялау жұмыстары ширап келеді. 1 сәуірмен салыстырғанда, тәулік ішінде бірінші және екінші компонентпен егілгендер саны 12 есе артты. Дәлірек айтқанда, тәулігіне 11 мыңнан 135 мың адамға дейін ұлғайды.

Министрдің айтуынша, халықты егу жұмысына 11 мың медицина қызметкері, 1 мыңнан астам стационарлық егу пункті және 400 жылжымалы кешен жұмылдырылған. Вакцинациялау пункттері 2 ауысыммен түнгі сағат 12-ге дейін дейін және демалыс күндері де жұмыс істеп жатыр.

Дарын Сағитов, тілші:
Үкімет басшысы Қазақстанда қолданылатын вакциналардың қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын ширата түсіруді тапсырды. Бұған қоса, ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару қажет деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: 
Мамырда 2 млн-нан астам адамды вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Вакцинаның қажетті көлемі бар. Вакциналаудың өсу қарқынын төмендетпей, тек өсіру керек.  Сонымен қатар, вакциналанған адамдардың саны артқанмен азаматтар белгіленген санитарлық талаптарды қатаң сақтауды жалғастыруы тиіс. 

Дарын Сағитов, тілші:

Премьер жауапты ведомствоға жылжымалы медициналық кешендердің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар, нысандар жұмысын шектеудің жаңа өлшемдерін бекіту мен вакцина алғандарға жеңілдік беруді бақылауда ұстау қажет деді. Отырыста айтылғандай, вакцинаның екі компонентін алғандар ПЦР-тест тапсырмайды. Айта кету керек, қазір Қазақстан вирус жұқтырғандар саны бойынша әлемде 107-орында тұр.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу