Халықтың 60 % екпе салдырса ғана бетпердесіз жүруге рұқсат беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтың 60 % екпе салдырса ғана бетпердесіз жүруге рұқсат беріледі

30.04.2021

Бүгіннен бастап елімізде Қытай технологиясымен әзірленген араб вакцинасы қолжетімді. Осылайша қазақстандықтар QazVac пен Спутник V-ден бөлек Синофармды да салдыра алады. Ел алдында есеп берген денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазір АҚШпен де келісім жүріп жатқанын айтты. Вакцина тегін салынатын тағы бір санат қосылды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Вакцинаны елімізде білім алып жүрген шетелдік студенттер мен уақытша тіркеуде тұрған мигранттар да тегін салдыра алады. Ол үшін уақтыша тіркеуі немесе ыхтияр хатын емханаға көрсетсе жеткілікті. Қазір екпе алғандар саны 1 млн 200 мыңға жетті. Екінші компонентін алғандар жарты млн-ға жуықтады. Екпені толық салдырғандар үшін электронды паспорт дайын. Ол шетелдік сапарда жарамды бола ма жоқ па деген мәселе әлемдік деңгейде шешімін тапқан жоқ. Алдағы уақытта екпе алғандар тізімі «Ашық» қосымшасында айқын көрінбек.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Биыл 1 шілдеден бастап вакцинация төлқұжатын «Ашық» қосымшасында енгізу шаралары жүзеге асады. Сондай-ақ төлқұжатпен бірге жылу карталары енгізіледі. Бұл адам көп шоғырланған орындарды анықтауға , пандемия кезінде қаланың белсенділігін талдауға арналған жүйе.
 Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сондай-ақ министр былтыр ана өлімінің 2,6 пайызға, жүрек қан тамыры ауруларынан болған өлім саны 15 пайызға көбейгенін айтты. Бұған коронавирустың тікелей ықпалы бар дейді. Сондықтан биыл оңалту шараларына, қымбат медициналық қызметтердің қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінбек. Сәйкесінше, жаңа медициналық ғимараттар салынады, дәрігерлердің жалақысы жарты млн-нан асады. Әзірге, негізгі басымдық коронавируспен күрес шаралары берілмек. Осы орайда министр қашан бетпердесіз режимге көшетінімізге тоқталды.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың кем дегенде 60 пайызы екпе салдыруы керек. Тек осыдан кейін ғана бетпердесіз жүруге рұқсат беру қарастырылады. Отандастарымыз өз жауапкершілігін сезініп, өзінің, жақындарының қауіпсіздігін ойлап, иммуниттеттің қалыптасуына өз үлесін қосады деген үміттеміз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Министр елде төтенше жағдай жариялау мәселесі қарастырылмағанын айтты. Ондай жағдай ауруханалардың толымдылығы 70 пайызға жеткенде ғана мемлекеттік деңгейде шешіледі. Қазір емдеу мекемелерінің 42 проценті науқастармен толыққан. Қосымша резервтік орындар әзір, ПТР тестілеудің мүмкіндігі кеңейді, дәрі қоры жеткілікті. Десе де босаңсуға әлі ерте. Эпиджағдай әлі де күрделі. Сондықтан министр санитарлық талаптарды барынша сақтауға шақырды.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу