25 жылда 100 донордың ұрығын қолдану арқылы 120 бала өмірге келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

25 жылда 100 донордың ұрығын қолдану арқылы 120 бала өмірге келген

29.04.2021

Елімізде ұрық донорларының ортақ базасы жасалуы мүмкін. Қазір арнайы жұмыс да тобы құрылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Сондай-ақ, ведомства өкілдері елімізде донорлардың ұрығымен қанша бала туғанын, ол үшін қанша донордың ұрығы қолданылғаны жайлы мәліметіпен де бөлісті.

Экодонор мәселесі екі аптадан бері қызу талқыланып жатыр. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан бір донор қанша рет ұрық тапсырам десе де оған шектеу жоқ екенін айтып, ол адамнан 20 бала тууы да мүмкін екендігіне алаңдаған.

Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жыл сайын тек бір клиникада дәл осы жолмен 70 бала өмірге келеді екен. Бұл ертең еліміздің түкпір-түкпірінде қаншама отбасыдан бір әкеден қаншама бала тарайын деп отыр. Ертең ол бір-біріне үйленуі мүмкін, басқа болуы мүмкін.  Ауру балалардың санын азайту үшін бұл мәселе өте маңызды деп ойлаймыз.

Мәселенің маңыздылығын Денсаулық сақтау министрлігі де растады. Бірақ, қазіргі көрсеткіштер қорқынышты емес,-дейді. Соңғы 25 жылда 24 мыңдай бала ЭКО әдісімен өмірге келсе, олардың 120-сы ғана донордың ұрығы арқылы туған. Ол үшін 100 ер адамның ұрығы қолданылыпты.

Бибігүл Әбдіхалықова, ҚР ДСМ акушерлік гинекология және перинатология ғылыми орталығының маманы:
Қазіргі уақытта елімізде 27 ЭКО-мен айналысатын ұйым бар.  Бірақ, барлық  біріккен ақпарат жоқ.

Яғни, донорлар туралы ақпаратты біріздендіру маңызды. Ал, біз барған ЭКО орталығы бір донордың ұрығын ең көп дегенде 5 бала туғанша пайдаланады екен. Әр медициналық ұйымның донор тауып беретін криобанктері мен агенттері бар.

Балжан Қалдарбекова, жеке клиниканың эмбриологы:
Ол агентке қойған біздің талабымыз бар. Тек біздің клиникамен ғана жұмыс істеу керек деген.  Ал, негізі жалпы клиникада 16-17 донор бар.  Бірақ та ол донорларды біз байлап ұстап отыра алмаймыз, сол себепті оның қаншалықты тиімді екенін нақты солай қадағалай алмаймыз.

Агенттер донорлар туралы ақпаратты барынша құпия сақтайды. Бірақ, ғаламторды ашсаңыз, ұрығын сатқысы келетіндер аз емес. Тіпті, ресейлік криобанктерге өтініш қалдырғандар бар. Бірнешеуіне хабарласып та көрдік.

Байқағанымыз, біздің елде донорға төленетін ақша да әр түрлі. Оны әр ұйым өзі бекітеді. Сондай орталықтардың бірі интернетке мынадай ақпарат жүктепті.

Шыңғыс Нұғманов, дәрігер-андролог, репродуктивті медицина институтының реконструктивті пластикалық хирургі: 
Ұрықты әр тапсырғаны үшін донорға 15 мың теңге төленеді. Ал, аптасына екі рет өткізуге болады. Сонда бір донор біздің клиникаға 100 рет келсе, 1 жарым миллион теңге алады.

Донорға қойылатын талап та жоғары. Ал, ЭКО-ға жүгінетін жұптардың көбі өз туысының ұрығын қолданады екен. Ол персоналды донор болғандықтан депутат айтқандай қауіп тудырмайды. Бірақ, алдағы уақытта донорлардың ортақ базасын құру маңызды,-дейді мамандар. Өйткені, қазір ер адамдардың абсолютті белсіздігі 5 пайызға жеткен.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу