Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын Тоқаевқа тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы ҚХА төрағасы лауазымын Тоқаевқа тапсырды

28.04.2021

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағалығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл шешімді ол Ассамблеяның кезекті сессиясы барысында айтты. Дегенмен еліміздің Тұңғыш Президенті татулықтың ұйытқысы болған ұйымның жұмысынан алыстамайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған жиында тағы қандай маңызды мәселелер айтылды. Шерхан Жамбылұлы сабақтайды.

Қазақстан халқы ассамблеясының іргесі 1995 жылы қаланды. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, берекеміздің бастауы ретінде құрылған институт өзіне жүктелген миссияны абыроймен атқарып келеді. Оған дәлел 130-дан астам ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату тіршілік етіп отыр. Елбасы осы уақытқа дейін еліміздің жүріп өткен жолының, ұлттық дамудың стратегиялық формуласының дұрыстығын әрі тиімді болғанын сеніммен айтуға болады деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:
Бұл ең алдымен мемлекеттілік құрылысы үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді және қазіргі заманғы Қазақстанның бет-бейнесін қалыптастыруға қуатты ресурспен қамтамасыз етті. Осы ретте басты камертон қызметін «Бiз,ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбуласы атқара алады. Бұл сөйлемнің мәні өте маңызды. Өйткені, Конституцияны жазу барысында оған өте маңызды мән берген едім.

Тіл – мемлекеттің тірегі. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі біздің қоғамды біріктіруші әрі береке-бірлікті одан әрі нығайтушы фактор екенін тағы бір мәрте еске салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процесстердің арқауын қалыптастырды. Бүкіл әлемде солай жасалады, тіл барлығын біріктіреді. Мәселен, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Бірақ, оларды ағылшын тілі біріктіріп отыр.

Береке-бірлік жай сөз емес. Елбасы елдің тұрақтылығы үшін бұл ұғымның қаншалықты қадірлі екенін әлемдегі түрлі қақтығыстар көрсетіп отырғанын айтты. Әлемдік саяси сахнада Қазақстанды бейбітшіліктің ордасы әрі бітімгер ел ретінде таниды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Көпвекторлы сыртқы саясат бізді ынтымақтастық пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейбітшіл ұлт ретінде көрсетті. Бізге әлем елдері сеніммен қарайды, сондай-ақ бізді мемлекеттер арасындағы қақтығыстар мен келіспеушіліктер кезінде табыстырушы, бітімгер болуға шақырады. Қазақстан мен біздің елордамыз сенімгерліктің алаңына айналды, бұл жерде осындай маңызды келіссөздер өтіп келеді.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев тұрақтылық ел дамуы үшін ең маңызды фактор екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Мен халықтың бірлігі мен қауіпсіздігін, тұрақтылық пен тыныштықты әрдайым бірінші орынға қойып келдім. Бірақ кейбір оппозиционерлер осы үшін мені сынайды: Неге үнемі тұрақтылық, тыныштық деп айта береді дегенін талай естідім. Сонда не, тұрақсыздық жақсы ма? Біз тұрақсыздық не екенін көріп отырмыз. Төңкерістен төңкеріс, соғыстан соғыс, мемлекет дамымайды, бәрінен артта қалып қояды. Тұрақтылық, азаматтардың тыныштығы әрбірімізге байланысты.

Ширек ғасырдың ішінде Ассамблея кеңес беруші ұйымнан парламентте өкілі бар жалпыхалықтық құрылымға айналды. Ол азаматтық қоғамның барлық үздік сипаттамасын өзіне сіңіре білді. Достық, бейбітшілік, тыныштық пен сенім Қазақстанның қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы үшін маңызды үлес қосты. Ал Ассамблея мен Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ажырамас ұғымға айналды. Алайда сессияны қорытындылай келе Елбасы төрағалық қызметті Президентке тапсырды. Бұл көпшілік күтпеген шешім еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: 
Жалпы, мен сіздермен барлық уақытта бірге боламын әрі одан бас тартпаймын. Дегенмен, Ассамблеяны басқаруға қатысты бірқатар құзірет еліміздің Президентіне жүктелген. Тіпті, бұл да маңызды емес. Қазақстан халқы Ассамблеясы тірек ретінде іс басындағы Президенттің жанында тұруы тиіс және екінші жағынан Мемлекет басшысы да Ассамблеяға арқа сүйейді. Сондықтан мен Ассамблеяны басқару құқығымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешім қабылдадым.

 Ассамблеяны басқару – өте жауапты жұмыс. Бұл – үлкен саясат деді президент. Артылған сенімге алғыс білдіріп, Елбасына ұйымның құрметті төрағасы болуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу туралы ортақ ұсынысымызды қабыл алуыңызды өтінеміз. Бұл мәртебе шын мәнінде халықтың және мемлекеттің алдындағы тарихи еңбегіңізге байланысты Сізге тиесілі. Ассамблеяның барлық мүшелері бұл ұсынысты қолдайды деп сенемін.

Пандемия қыспаққа алған уақытта әлем елдерімен қатар біздің мемлекетке де оңай соқпай тұр. Бұл сынақтан абыроймен өтудің жалғыз жолы ол ауызбіршілік. Қасым-Жомарт Тоқаев бірегей құрылым ретінде Ассамблеяның да алдында жаңа міндеттер тұрғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Татулық пен келісім саясатын лайықты жалғастырып, дамыта түсу – баршамыздың ортақ парызымыз. Себебі, бүгінгідей алмағайып заманда кез-келген сынаққа төтеп беру үшін бірлігіміз әрдайым бекем болуға тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстанның алдында ауқымды мақсаттар тұрғанын айтты. Экономикасы қарыштаған, әділетті әрі жаңашыл қоғамды қалыптастыру баршамыз үшін ортақ шаруа.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассамблея халықтың талап-тілектерін орындауға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беруі қажет. Баршамызға ортақ жұмыстың басты бағдары дәл осындай болуға тиіс. Біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз.

Иә, Қазақстан отыз жыл ішінде халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл – шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Бұл – табандылықты талап ететін күрделі жұмыс. Ал Ассамблея тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып тарихта қалары анық.

Шерхан Жамбылұлы


Елбасы ҚХА сессия

Хабарламаларға жазылу