Жапония үш айға жетпес уақыттан кейін басталуы тиіс Токио Олимпиадасын қайтсе де өткізуге бекініп отыр. Сол үшін бүгін пандемия кезінде Жазғы ойындарды қалай ұйымдастыру қажеттігі жайлы ережелер жарияланды.
Шілденің 23-де ашылуы тиіс Олимпиадаға жер жүзінен 15 мыңдай спортшы мен мыңдаған төреші, журналист, демеуші және үкімет өкілдері қатысады. Олардың барлығы вакциналануға міндетті. Стадиондарға жергілікті жанкүйерлер кіргізу мәселесі әлі шешілген жоқ. Ал, шетелдік фанаттардың келуіне тыйым салынып отыр.
Олимпиадаға аз уақыт қалғанда, Токио, Осако және өзге аудандарда үшінші рет төтенше жағдай жариялады. Екпе салдырған тұрғындар қатары 10 пайыздан аспай отыр.
Соңғы жүргізілген сауалнама қорытындыларына, жапондықтардың 70-80 пайызы Токио Олимпиадасы биыл да өтпеуі керек деген пікірде.
Арыстан Рысбек