Елімізде жетілмеген остеогенез диагнозына шалдыққан балаларға тұңғыш рет операция жасалды. Сүйектері сынғыш келетін мұндай балаларды «хрусталь жандар» деп те атайды. Бұған дейін оларға тек сүйек қатайтатын дәрі беріліп келген еді. Енді ота арқылы да емдеуге болады, нәтижесінде сүйектері сынбайды, балалардың жүріп кетуге де мүмкіндігі бар. Алғашқы операцияны жасау үшін елге ресейлік мамандар келді. Бұдан әрі отандық дәрігерлер қолға алуға ниетті.
Балнұр мен Нұрисламның ата-анасы бұл сәтті 10 жыл күтті. Ағайындылардың жастан асқанда сүйектері сына бастаған. Содан бері көрмеген қиындығы жоқ. Жүру былай тұрсын, қозғалудың өзі қорқынышты. Бүгінге дейін әрқайсысының дене сынығы 80-нен асқан. Үздіксіз гипс салды, препаратпен демеді. Мәскеуде де ем алды. Енді емдеудің хирургияық жолы елде жасалмақ. Құны 4 жарым млн теңге. Бір емес екі баланың ауыр жағдайы біздің арнаның назарынан тыс қалмады. Жуырда «Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонының қолдауымен операцияға қажетті қаражат жиналды.
Алмагүл Нарбутина, Балнұр мен Нұрисламның анасы:
«Мың алғыс» қайырымдылық телемарафонында жақсы қаражат жиналды, соның арқасында біз ота жасайық деп тұрмыз. Қазір қызыма жасалады, ертең ұлыма жасалады.
Балнұр ән салуды жақсы көреді, бірақ басты арманы - әнші болу емес, жүру. Бала жүрегінің қобалжығаны жанарынан сезіледі. Бүгін дәрігерлер оның аяғына телескопиялық имплант қояды. Құрылғы Канададан әкелінген.
Болатбек Досанов, балалар ортопеді, медицина ғылымдарының кандидаты:
Бұл имплант түтікше сүйектердің ішіне орнатылады. Содан кейін бұл сүйекпен бірге баламен өсе береді. Түтікше сүйектің ішіне салған кезде сүйек сынбайды.
Дерттің дендеуіне сүйекке ақуыз немесе коллагеннің жетіспеуі себеп. Емдеудің екі жолы бар. Бірі - сүйекті қатайтатын дәрі. Екіншісі – операция. Отандық мамандар ота жасауға біраз уақыт дайындалды. Әлемдік тәжірибені зерттеді. Шетелдік мамандардан кеңес алды. Біліктілігімен бөлісуге келген Ресейлік маман бүгінге дейін 150-ден астам ота жасаған.
Дмитрий Буклаев, Санкт-Петербург қаласы артрогрипоз орталығының бөлім меңгерушісі:
2017 жылдан бастап Ресейде осындай отаны жасай бастадық нәтижесі жаман емес. Отаның негізгі мақсаты – сынықты тоқтату. Ал баланың жүріп жүрмеуі – аурудың деңгейіне байланысты. Мен жасаған балалардың 70 пайызы жүріп кетті.
Бүгін Балнұрға жасалған операция сәтті аяқталды. Енді оңалту шараларына біраз уақыт кетеді. Елдегі 70 бала осы диагнозбен ауырады, 50 шақтысына ота қажет. Отандық мамандар келесі кезекте операцияны өздері жасауға ниетті.
Раушан Сайлауқызы