Семейде коронавирус дертінен көз жұмғандар көбейген. Жыл басынан бері 25 адам қайтыс болса, соның 22-і бір ғана инфекциялық ауруханада тіркелген. Осыған байланысты медицина мекемесінде тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, дәрігерлердің зертхана қорытындыларын ескермегені, науқастарды қосымша сырқаттарына қарай емдемеу, дәрілерді негізсіз қолдану сынды толып жатқан қателіктерге жол берілгені анықталды. Сондай-ақ қаладағы 6 компьютерлік тамографтың 2-еуі ғана жұмыс істейтіні белгілі болған. Сондықтан, облыс әкімі Семейде жағдайының ушығуына жол бергені үшін қала әкімінің орынбасарына, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарына, жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігеріне қатаң сөгіс беруді тапсырды.
Даниал Ахметов, облыс әкімі:
Осы жағдайға қатысы бар барлық мамандарды жауапкершілікке тартыңыздар. Төтенше жағдайға орай Семейге арнайы жұмыс тобын жібереміз. Әрбір өлім жағдайын тағы да егжей-тегжейлі тексеру қажет. Арнайы комиссия қала жасыл аймаққа шыққанға дейін сол жерде жұмыс істейтін болады.
Ал, Шымкентте эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, инфекциялық аурухана науқастарға лық толды. Әсіресе, коронавирустан дер кезінде емделмей, ауруы асқынғандар көбейді. Олардың жартысы жасанды тыныс алу аппартымен дем алуда. Қалғандарының өзі оттегі қондырғысының көмегіне зәру. 560 орынға лайықталған инфекциялық аурухананың жансақтау бөлімінде жатқандар көп. Шаћардың бас инфекционист дәрігерінің айтуынша, науқастардың басым бөлігі өз бетінше үйлерінде ұзақ уақыт ем алған. Соның салдарынан ағзалары вирусқа қарсы дәрменсіз болып, ауыр хәлге түсіп жатыр. Сондықтан дәрігерлер коронавирус белгілері байқалған жағдайда бірден учаскелік дәрігерге немесе жедел жәрдемге хабарласуға кеңес береді.
Бақтығали Ережепов, Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
Науқастардың өкпесінің зақымдануы 80-90 процентке дейін болып түсуде. Сатурациясы 50-ге түсіп кеткен. Өте ауыр жағдайда. Үйде әртүрлі ем қабылдаған себепті ем дұрыс жүрмей жатыр. Сондықтан өз бетінше емделуден аулақ болуға шақырамын.
Ержан Жақып