Алматы облысында Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған оңалту орталықтарының жұмысы өз нәтижесін бере бастады. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ем-домымен айналысатын мекемеде қазір 126 сал ауруына шалдыққан бүлдіршін ем қабылдауда. Олардың үшеуі аяққа тұрып, жүзге жуығы басын тік ұстайтын хәлге жектен.
Орталық жылына ерекше күтімді қажет ететін 600 баланы қабылдауға қауқарлы. Алматы облысына арнайы келген Елбасы қорының директоры Дариға Назарбаева оңалту орталығының жұмысымен танысты. Бұған дейін ата-аналар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына сабылса, енді ол қиындықтар артта қалды.
Әсел Қанатқызы, Оңалту орталығының меңгерушісі:
Жүрек қан-тамырлары жүйесінде ақаулары бар, операциядан кейінгі кезеңдегі балаларды аламыз. Сонымен қатар өкпесінде ақауы бар балаларды және хромосомдық ақаушылығы бар балаларға осы оңалту орталығында ем-шараларын жасаймыз.
Оңалту орталығында дертіне шипа тапқан бүлдіршіндердің саны артып келеді. Әр баламен жоғары білімді арнайы маман жұмыс істейді. Соның арқасында көп отбасының ауыртпашылығы азайып, ем қонып жатыр, дейді ата-аналар.
Құрбангүл Ергешова, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
Оң аяғы жақсы істемейді, сол аяғы жақсы істейді деген. Қазір екеуі де жақсы болып қалды. Биікке шыға алмайтын еді, қазір шығатын болды. Оң қолы жақсы, сол қолының қимылдауы қиын деген еді. Бәрі жақсы оңалып қалды.
Сапар аясында Дариға Назарбаева Ұзынағаш ауылындағы перзентханаға да бас сұқты. Соңғы үлгідегі медициналық жабдықтармен қамтылған кешенді жедел жәрдем көліктерімен танысты. Елбасы қорының қолдауымен бірнеше облыста тағы да 8 оңалту орталығын ашу жоспарланып отыр.
Қуан Нұрақын