Тоққа түсіп, екі қолынан айырылған оқушының анасы кінәлілерді жазалауды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тоққа түсіп, екі қолынан айырылған оқушының анасы кінәлілерді жазалауды талап етті

24.01.2019

Ашынған ана әділдік іздейді. Ақтөбеде ашық тұрған трансформаторға кіріп кетіп, екі қолынан айырылған баланың анасы оқиғаға кінәлілердің жазадан құтылып кеткенін айтады. Жазатайым оқиғаға айыпталушылар ретінде мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары мен электрик жауап берген. Бірақ аудандық сотта олардың кінәсі дәлелденбепті. Гүлмира Фаткулина істі қайта қарауды талап етіп отыр.

Бұл оқиға былтыр қазанның 5-і күні Шалқар қаласында болған еді. 4-сынып оқушысы ойнап жүріп, мектеп ауласындағы трансформаторға тоққа түсіп қалған. Дәрігерлер оның екі қолын иыққа дейін кесіп тастауға мәжбүр болған. Гүлмира Фаткулина содан бері нағыз кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап шырылдап жүр. Бұған дейін Шалқар аудандық соты мектеп қызметкері мен электрикті ақтап шыққан.

Айжамал Сүндет, облыстық соттың маманы:

- Шалқар аудандық сотының 2019 жылдың 18 қаңтарындағы үкімімен Шоханова және Исатаев ҚР ҚК 306-бабының 1-бөлігімен кінәсыз деп танылып, олардың әрекетінде қылмыстық теріс қылықтың болмауына байланысты ақталды.

Гүлмира Фаткулина нағыз кінәлілердің жауаптан жалтарып, тайраңдап жүргеніне ашулы. Ол болған оқиғаға аудандық білім бөлімі мен электр таратушы мекеме жауап беруі тиіс деп санайды.

Гүлмира Фаткулина, зардап шеккен баланың анасы:

- Тергеушілер директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары мен электрикті айыптады. Олар тіпті кінәсіз. Мен сияқты қара жұмысшы ғой олар да. Электр желісі кінәлі.

Гүлмира ұлының үшінші тоқсаннан бастап сабаққа барып жүргенін айтады. Дамир қазір ауызша тапсырмаларды ғана орындайды. Оған жасанды қол салдыруға уақыт пен көп қаражат керек.

Шалқар ауданында болған оқыс оқиғадан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, өңірдегі трансформаторлардың қауіпсіздігі тексерілді. Қараусыз қалған қондырғыларды қала әкімдігінің балансына беру жайы қарастырылып жатыр. Ал, шындық іздеп, шырылдаған ана «нағыз кінәлілер жауапқа тартылмай, тынбаймын», деп отыр. Ол істі қайта қарауды сұрап, облыстық сотқа шағымданбақ.

Жақсыбек КЕМАЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу